19.11.2026
ҚР Президентінің Архиві мен Түркияның Гази университеті ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне Түркияның Гази университетінің ректоры Угур Унал бастаған делегация келді. Шетелдік қонақтар Архив директоры Әлия Мұстафинамен кездесіп, ғылыми байланыстарды кеңейту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Жиын барысында Әлия Мұстафина ҚР Президент Архивінің түрік әріптестерімен арадағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
«Түркияның тарихи зерттеулер жүргізу, мәдени мұраны сақтау және архив ісін дамыту салаларында мол тәжірибесі бар. Біз осы тәжірибені жоғары бағалаймыз және түрік әріптестерімізбен қалыптасқан байланыстарды алдағы уақытта да жалғастыруға мүдделіміз», – деді Әлия Мұстафина.
Әлия Мұстафина түрік архившілерімен қалыптасқан байланыстарға да тоқталды. Осы ынтымақтастық аясында Президент Архивінің қызметкерлері Ыстанбұлдағы Османлы архивтерінде тағылымдамадан өткен. Ал Түркияның Мемлекеттік архивтер басқармасының өкілдері Архившілер конгресіне тұрақты қатысып келеді.
Өз кезегінде Гази университетінің ректоры Угур Унал Президент Архивімен ғылыми байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін айтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Қонақтар Президент Архивінің көрме және оқу залдарын аралап, тарихи құжаттармен, экспозициялармен және зерттеушілерге жасалған жағдайлармен танысты. Делегация құрамында Гази университетінің Бас хатшысы Мұстафа Афшар мен Аппарат басшысы Мұрат Тунчбилек болды.
Айта кетейік, ҚР Президентінің Архиві түркиялық архившілермен кәсіби байланыстарды тұрақты түрде дамытып келеді. Осы ынтымақтастық аясында 2024 жылы Архив қызметкерлері Ыстанбұлдағы Осман архивтерінде тағылымдамадан өтті. Өз кезегінде Түркияның Мемлекеттік архивтер басқармасының өкілдері Архившілер конгресіне тұрақты түрде қатысып келеді. Атап айтқанда, Угур Унал 2022 және 2024 жылдары аталған конгреске қатысқан.