27.08.2025

ҚР Президентінің Архиві мен Иордания Ұлттық кітапханасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен 26-27 тамыз күндері Қазақстанға Иордания Королі Ұлы мәртебелі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Осы сапар аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Иордан Хашимит Корольдігінің Ұлттық кітапханасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат архив саласындағы әріптестікті дамытуға және құжаттық мұраны насихаттауға бағытталған.

Ынтымақтастық туралы меморандумға Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві атынан директоры Әлия Мұстафина, ал Иордания тарапынан Иордания Хашимит Корольдігінің Өнеркәсіп, сауда және жабдықтау министрі Яруб Куда қол қойды.

Тараптар цифрландыру, сақтау, қалпына келтіру, аударма және жариялау сияқты маңызды бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге, көрмелер ұйымдастыруға, ғылыми зерттеулер жүргізуге келісті. Сонымен қатар мамандар арасында тәжірибе алмасу мақсатында сапарлар ұйымдастыру және құжаттық мұраны кеңінен дәріптеу көзделген.

Айта кету керек, екі ел арасындағы әріптестік уақыт сынынан өткен ынтымақтастықтың жемісі. Мәселен, 2022 жылы Алматы қаласында Президент Архивінің бастамасымен ұйымдастырылған халықаралық архившілер конгресіне иордандық мамандар қатысқан болатын. Ал биыл ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина бастаған делегация Иордания астанасы Амманда өткен халықаралық конференцияға қатысып, «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің білім беру саласындағы тәжірибесі: әріптестік, жобалар және перспективалар» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. Ол өз сөзінде Президент Архивінің бастамасымен өткен архившілердің жазғы мектебі, университеттермен әріптестік жобалар және архивтік хакатон жайында сөз қозғап, жастарды тарихи жадыны сақтау ісіне тартудың маңызын атап өтті.

Сол кездегі сапар барысында қазақстандық делегация Иордания Ұлттық кітапханасы, Катар Ұлттық архивтері және Иорданияның Хашимит Корольдік құжаттандыру орталығының басшыларымен кездесіп, цифрлық архивтерді дамыту, тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды жүзеге асыру жөнінде келіссөздер жүргізген еді.