11.06.2026

ҚР Президентінің Архиві мен Иордания Ұлттық кітапханасы тарихи құжаттармен алмасты

11 маусым күні «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Иордания Хашимит Корольдігі Ұлттық кітапханасының бас директоры Фирасс Дараба арасында кездесу өтті. 

ҚР Президентінің Архивінде тараптар тарихи құжаттармен алмасты.  Иордания тарапы Ұлттық кітапхана қорларында сақталған Қазақстан тарихына қатысты фотосуреттер мен құжаттардың көшірмелерін табыс етті. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Иорданияның Қазақстан тәуелсіздігін мойындау үдерісін, екі мемлекет арасындағы ресми хат алмасуды, сондай-ақ екіжақты келісімдер мен мемлекетаралық қатынастардың дамуын сипаттайтын тарихи құжаттардың көшірмелерін ұсынды.

Құжаттар алмасу екі мекеме арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижесіне айналды. Бұл жұмыс 2025 жылғы тамызда Иордания Королі ІІ Абдалланың Қазақстанға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Иордания Ұлттық кітапханасы арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылды. Кездесу барысында тараптар серіктестікті одан әрі дамыту, бірлескен жобаларды іске асыру және кәсіби ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Иордания Ұлттық кітапханасы арасындағы ынтымақтастық бірнеше жылдан бері табысты дамып келеді. Иорданиялық әріптестер Архившілер конгрестеріне тұрақты түрде қатысып, 2022, 2024 және 2026 жылдары өткен барлық үш форумның жұмысына атсалысты. Өз кезегінде Президент Архивінің делегациясы 2025 жылы Амман қаласына барып, Ұлттық кітапхананың 50 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияға қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестік байланыстарды одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуды кеңейтуге, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және архив саласындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара қызығушылық білдірді.