20.11.2026

ҚР Президентінің Архиві Майра Айсинаның жеке архивіндегі құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдады

Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің IV–VI шақырылымдарының депутаты Майра Айсина өзінің жеке архивіндегі құжаттарды Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне тапсырды.

20 қарашада ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Майра Айсина құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдау туралы шартқа қол қойды. Тапсырылған материалдардың қатарында қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметін айғақтайтын еңбектері, марапаттары мен құжаттары бар.

«Сіздің өмір жолыңыз еліміздің қоғамдық-саяси өмірімен және мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Бүгін архивке тапсырылып отырған құжаттар жарты ғасырдан астам уақыт бойғы еңбегіңіз бен қызметіңіздің айғағы. Бұл материалдар болашақ зерттеушілерге маңызды тарихи оқиғалар мен қоғамдық өзгерістерді тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Жылдар бойы жинақталған құжаттарыңызды мемлекеттік сақтауға тапсыру туралы шешіміңізді еліміздің тарихи мұрасына деген құрмет әрі келешек ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің көрінісі деп білеміз», – деді Әлия Мұстафина.

Шартқа қол қойылғаннан кейін Майра Айсина Архив қызметкерлерімен және Халықаралық Астана университетінің тарих факультетінің студенттерімен кездесті. Ол өзінің өмір жолы, мемлекеттік қызметтегі және қоғамдық-саяси саладағы тәжірибесі туралы естеліктерімен бөлісіп, кәсіби қалыптасу кезеңдеріне тоқталды және қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Іс-шара барысында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешев те Майра Айсинаны құттықтап, оған облыс әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хатын табыстады.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Архивінде мемлекеттік органдардың құжаттарымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым мен мәдениет өкілдерінің жеке қорлары сақталады. Бұл материалдар Қазақстанның қоғамдық-саяси тарихын жекелеген тұлғалардың өмірі мен қызметі арқылы зерттеуге мүмкіндік береді. Архив мамандары құжаттарды жүйелеп, ғылыми сипаттамасын жасайды және ғылыми айналымға енгізеді.