08.06.2026
ҚР Президентінің Архиві Ұлыбританияның Ұлттық архивімен ынтымақтастықты нығайтуда
Астана қаласында өтетін «Digital Archive EXPO» III Халықаралық Архившілер конгресі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Ұлыбританияның Ұлттық архивімен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат архив ісі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға, цифрлық технологияларды дамытуға, сондай-ақ архившілер мен құжаттанушыларға арналған бірлескен семинарлар, вебинарлар мен білім беру бағдарламаларын өткізуге бағытталған.
Меморандумға қол қою рәсімі 8 маусым күні Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Ұлыбританияның Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі директоры Джон Шеридан арасындағы екіжақты кездесу аясында өтті.
Кездесу барысында тараптар архив саласын цифрлық трансформациялау, электрондық құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, жасанды интеллект технологияларын енгізу және халықаралық кәсіби диалогты дамыту мәселелерін талқылады.
«Біз Ұлыбританияның Ұлттық архивімен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және байланысты одан әрі арттыруға қызығушылық білдіреміз. Бірлескен бастамалар мен жобаларды іске асыру кәсіби байланысымызды нығайтып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенімдіміз. Қазіргі уақытта архив саласының алдында тұрған сын-қатерлерді еңсеру үшін, ең алдымен, цифрлық мұраны сақтауды қамтамасыз ету мәселесінде бірлесіп шешім іздеу аса маңызды», – деді Әлия Мұстафина.
Ұлыбританияның Ұлттық архивінің цифрлық технологиялар және ақпарат жөніндегі директоры Джон Шеридан Қазақстан Республикасы Президентінің Архивімен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдіріп, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жоғары әлеует бар екенін атап өтті.
«Біз арадағы ынтымақтастықты дамыту үшін осындай мүмкіндік туындағанына өте қуаныштымыз. Архив жұмысы халықтарымыздың ортақ тарихи жадын сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Цифрлық дәуірде біз күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз, сондықтан архив мекемелеріне құжаттарды сақтау мен оларға қолжетімділікті қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін бірлесіп әзірлеу қажет. Сол себепті кәсіби серіктестік пен тәжірибе алмасуға жағдай жасайтын осындай алаңдарды, атап айтқанда, осы Конгресті қолдаймыз. Сонымен қатар, болашақта құжаттық мұраны сақтау үшін қажет тәжірибелерді бірлесіп әзірлеу мақсатында ҚР Президентінің Архиві тәрізді ұйымдармен екіжақты байланысты дамыту да өте маңызды. Бүгін Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, осындай керемет архивпен танысып, жаңа әріптестер мен достар тапқаныма қуаныштымын», – деді ол.
Меморандум тәжірибе алмасу, бірлескен білім беру бастамалары, құжаттарды цифрландыру және архив қорларын зерттеу сияқты кең ауқымды бағыттарды қамтиды.
Айта кетейік, аталған екі мекеме арасындағы серіктестік соңғы жылдары халықаралық семинарлар мен сарапшылық кездесулер арқылы дамып келеді.
Биыл Ұлыбритания Ұлттық архивінің өкілдері III Конгресс жұмысына қатысып, баяндама жасайды. Сонымен қатар, Ұлыбритания Ұлттық архивінің білім беру және ақпараттық-ағартушылық жұмыс бөлімінің басшысы Эндрю Пейн педагогтерға арналған арнайы семинар өткізеді.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві қазіргі уақытта 24 шетелдік ұйыммен меморандум жасасқан.
Архивтің даму тұжырымдамасына сәйкес шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге, кәсіби білім мен тәжірибе алмасуға, озық тәжірибелерді енгізуге және заманауи архивтік технологияларды бірлесіп дамытуға ерекше мән беріледі.