10.09.2026

ҚР Президентінің Архиві Ұлттық банк қызметкерлеріне семинар өткізді

ҚР Президентінің Архиві құжаттарды сақтаумен ғана айналыспайды. Одан бөлек, Архив сарапшылары құжаттарды жинақтау көздері болып саналатын мекемелердің қызметкерлеріне істерді сақтауға тапсыру және рәсімдеу тәсілдерін түсіндіреді. Осы ретте 8 қыркүйек күні ҚР Ұлттық банкінде 134 қызметкердің қатысуымен семинар өтті.

Семинар ҚР Ұлттық банкіндегі архивтік сақтау және құжаттаманы басқарудың өзекті мәселелеріне арналды. Жиында ҚР Президенті Архивінің Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің аға сарапшысы Амангүл Ермағамбетова баяндама жасады.

Архив маманы құжаттау және архив ісі саласындағы нормативтік-құқықтық талаптарды түсіндіріп, құжаттармен жұмыс істеудің негізгі кезеңдеріне тоқталды. Атап айтқанда, құжаттарды құрылымдық бөлімшелерде қалыптастырудан бастап, ведомстволық архивке өткізу және мемлекеттік сақтауға тапсыруға дейінгі тәртіптер түсіндірілді.

«Бірнеше жылдан кейін белгілі бір күнде нақты не болғаны ұмытылуы мүмкін, ал құжат жалғыз куәгер болып қала береді. Сондықтан құжаттарды ретке келтіру – жай ғана формальды талап емес, қажетті құжаттың іздегенде табылуына кепілдік беретін маңызды жұмыс», – деп атап өтті Амангүл Ермағамбетова.

Семинарға қатысушылар істерді рәсімдеуге қойылатын нақты талаптар бойынша берілген түсіндірмелердің пайдалы болғанын атап өтті. Жиын барысында банк құжаттары негізінде нақты мысалдар көрсетіліп, архивке өткізу кезінде жиі кездесетін қателердің алдын алу жолдары түсіндірілді.

Айта кетейік, семинар офлайн және онлайн форматта өтті. Оған Ұлттық банктің орталық аппаратының қызметкерлері мен өңірлік филиалдарының өкілдері қатысты.