15.09.2026

Қазақстан мен Корея Республикасының Президенттік Архивтері ынтымақтастықты кеңейтті

ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен Корея Республикасы Президенттік Архивтерінің бас директоры Хан Сон Вон ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Астанада өткен Архившілердің III Конгресі кезінде басталған келіссөздердің нәтижесінде жасалды.

Меморандум екі елдің архившілері мен зерттеушілеріне тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен жарияланымдар әзірлеуге, мамандарды оқытуға және кәсіби іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді.

Екі тарап та мемлекет басшыларының қызметіне қатысты құжаттарды зерделеуге және жеке тектік қорларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Мұндай материалдардың тарихи маңызы зор, себебі мемлекеттік шешімдердің қабылдану үдерістерін, саяси тарихты және ел дамуының әртүрлі кезеңдеріндегі тұлғаның рөлін зерттеуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы бірлескен жұмыстың нәтижелерін ғылыми басылымдар мен көрме жобалары арқылы көпшілікке ұсыну көзделіп отыр.

Аталған архив мекемелері арасындағы байланысты дамыту мәселесі 2026 жылы 8-12 маусымда Астанада өткен Архившілердің III Конгресіне дайындық барысында талқыланды.

ҚР Президенті Архивінің шақыруымен Корея Республикасы Президенттік Архивтерінің өкілдері Конгресс жұмысына қатысты. Әкімшілік жоспарлау бөлімі директорының орынбасары Ким Ёнхи мен Архив қызметі бөлімінің архившісі Имджон Ко іс-шараның іскерлік бағдарламасына атсалысты. Атап айтқанда, Имджон Ко «Digital Archive. Парадигманың өзгеруі» атты пленарлық сессияда Президенттің жеке тектік құжаттарын жинақтаудың қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелері туралы баяндама жасады.

Конгресс аясында корей тарапы ҚР Президентінің Архивімен тікелей ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдіріп, Меморандум жасасу туралы бастама көтерген еді. Кейінгі келіссөздер барысында болашақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалып, кәсіби диалогты институционалдық әріптестік деңгейіне көтеруге мүмкіндік туды.

Еске сала кетейік, 14 қыркүйекте Мемлекет басшысының Корея Республикасына ресми сапары аясында ҚР Президенті Архивінің делегациясы Кореяның Ұлттық архивімен де ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қойды. Биыл Қазақстан мен Корея архивтері арасындағы ынтымақтастықтың басталғанына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде өзара байланыс кәсіби оқыту мен тәжірибе алмасудан бастап, халықаралық іс-шараларға қатысу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтыды. Корея Республикасының Президенттік Архивтерімен жаңа құжатқа қол қою өзара ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, Қазақстан мен Кореяның архив саласындағы әріптестігіне бағытталған тағы бір маңызды қадам болды.