22.04.2025

ҚР Президентінің Архиві Иорданиядағы халықаралық конференцияға қатысты

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина бастаған делегация Амман қаласында (Иордания) өтіп жатқан «Ұлттық кітапханалар мен архивтердің өзгермелі цифрлық ортадағы ұлттық жадыны сақтау рөлi» атты халықаралық конференцияға қатысуда.

Иордания Ұлттық кітапханасы ұйымдастырған іс-шараға Қазақстан, Алжир, Иордания, Қатар, Малайзия, Мысыр, Оман, Палестина және Сауд Арабиясын қосқанда 15-ке жуық елден архив, кітапхана, ғылыми институттар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері жиналды.

Үш күн ішінде қатысушылар архивтер мен кітапханалардың цифрлық трансформациясы, білім ресурстарын құқықтық қорғау, авторлық құқық және мемлекеттік органдардың рөлі, архивтердің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесі, архивтер мен кітапханалар саласында технологиялар мен жасанды интеллектті пайдалану, ұлттық жады мен мәдени мұраны сақтау сияқты өзекті тақырыптарды талқылайтын болады.

Конференцияның бірінші күні Әлия Мұстафина құттықтау сөз сөйлеп, Иордания Ұлттық кітапханасының директоры, профессор Нидал әл-Ахмадты мекеменің мерейтойымен құттықтады. Ол кітапхананың мәдени мұраны сақтау жөніндегі жарты ғасырлық қызметінің маңыздылығын атап өтіп, ҚР Президенті Архиві мен Иордания Ұлттық кітапханасы арасында қалыптасқан берік кәсіби байланысты сөз етті.

«Біз сіздерге бастамаларымызды қолдағаныңыз және Қазақстан архившілерінің конгресі сияқты маңызды халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқаныңыз үшін алғыс айтамыз. Біздің өзара ынтымақтастығымыздың әлеуеті зор және болашақта одан әрі нығая түсетініне сенімдіміз», – деп атап өтті Әлия Мұстафина.

Конференция аясында Әлия Мұстафина «Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің білім беру саласындағы тәжірибесі: әріптестік, жобалар және перспективалар» тақырыбында баяндама жасайды.

Конференцияның қорытынды сессиясы 24 сәуірде өтеді. Бұл сессияның нәтижесінде қатысушылар қорытынды шығарып, кәсіби саладағы ынтымақтастық бағыттарын айқындау бойынша шешімдер қабылдайды.

Мұндай шараларға қатысу Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық трансформация жағдайында құжаттық мұраны сақтау бастамаларын ілгерілетуге ашықтығын көрсетеді.