03.02.2025
ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері халықаралық семинарға қатысты
2024 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің делегациясы Токио қаласындағы Жапония Ұлттық архивіне жұмыс сапарымен барып, сол елдегі архив қоймаларының жұмысымен, құжаттарды қалпына келтіру және цифрландыру бойынша заманауи технологиялармен танысқан болатын. Қазақстан мен Жапония архивтерімен кәсіби байланыс халықаралық онлайн семинарда жалғасын тапты. 2025 жылғы 31 қаңтарда ұйымдастырушы тарап – Жапония Ұлттық архивінің шақыруымен Президент Архивінің қызметкерлері «Қағаз негіздегі архив құжаттарын сақтау және консервациялау» тақырыбында халықаралық семинарға қатысты. Семинар бағдарламасы екі негізгі бөлімнен тұрды. Бірінші сессия «Жылы және ылғалды ортада архив материалдарын сақтау» деп аталды, онда ауа райындағы өзгерістерге байланысты туындайтын қауіптер талқыланды. Осы мәселе жөнінде Вьетнам мемлекеттік жазбалар және архивтер департаменті, №3 Ұлттық архив орталығының директоры Tran Viet Hoa, Индонезия Республикасы Ұлттық архивінің архивтерді сақтау және қорғау жөніндегі директоры Wiwi Diana Sari, Фиджи Ұлттық архивінің бас архившісі Timoci Balenaivalu арнайы баяндама жасады.
«Архив материалдарының сумен зақымданғаннан кейінгі әрекет және оларды қалпына келтіру» тақырыбындағы сессияда су басқан жағдайда архив құжаттарын қалпына келтіру тәжірибесі айтылды. Малайзия мен Тынық мұхиты аймағындағы сарапшылар Qahera binti Alian, Brandon Oswald қағаз түріндегі құжаттарды сақтауда үздік шешімдерін ұсынды. Іс-шарада Жапон әдебиеті ұлттық институтының бұрынғы доценті, архивті сақтау жөніндегі маман Aoki Mutsumi және Жапонияның Ұлттық архивінің сақтау бөлімінің жетекшісі Asaba Saho пікірлерін ортаға салды. Өз тарапымыздан Жапония Ұлттық архиві мен семинарға қатысқан барлық спикерлерге алғысымызды білдіреміз. Президент Архивінің қызметкерлері іс-шарада пайдалы ілім алып, тәжірибеден айтылған баяндамалар ерекше әсер қалдырды.