14.11.2025

ҚР Президенті Архивінің сарапшысы Ереванда өткен Б.Б. Пиотровский атындағы форумда баяндама жасады

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің ғылыми қызметкері Б.Б. Пиотровский атындағы І Халықаралық ғылыми-эксперттік форумға қатысты. Шара Армения, Ресей, Қазақстан және Өзбекстаннан келген 40-тан астам жетекші сарапшыларды, зерттеушілерді, ғылыми институттар басшыларын және архив қызметкерлерін біріктірді. Форум аясында тарихи жадыны сақтау, гуманитарлық ынтымақтастық пен Еуразия кеңістігіндегі ғылыми байланысты дамыту мәселелері талқыланды.

12–13 қараша күндері Ереванда өткен форум бағдарламасы барысында ҚР Президенті Архивінің Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Жібек Байқаш «Қазақстан 1941–1945 жылдардағы соғыс кезеңінде: белгілі және беймәлім дереккөздер» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның орасан рөліне тоқталып, сонымен қатар Жеңістің 80 жылдығына орай Президент Архиві дайындаған үш тілде жарық көрген «Ерлікке тағзым» атты тарихи-құжаттық альбомын таныстырды. Басылым архив қорларындағы бұрын ғылыми айналымға енбеген бірқатар тың материалдарға негізделген.

«Соғыс жылдарындағы құжаттар Қазақстанның майданда да, тылда да атқарған еңбегінің ауқымын айқын көрсетеді. Бұл жинаққа сарбаздардың хаттары, фотосуреттер, марапаттау материалдары және сол кезеңдегі қарапайым азаматтардың өмірінен сыр шертетін деректер енгізілді. Архивистердің міндеті – тарихи жадыны сақтау ғана емес, оны зерттеп, цифрландырып, жаңа дереккөздерді ғылыми айналымға енгізу. Бұл қадам соғыс тарихының объективті бейнесін қалпына келтіруге мүмкіндік береді», -деді Жібек Байқаш.

Сарапшының баяндамасы әріптестері тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, тарихшылар мен архив қызметінің өкілдерінен оң бағасын алды. Форум қатысушылары қазақстандық архивистердің әскери тарихты зерттеудегі тәжірибесі халықаралық зерттеулер үшін маңызды үлгі бола алатынын атап өтті.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Архиві халықаралық ғылыми қауымдастықтың белсенді мүшесі ретінде шетелдік әріптестерімен өзара ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Форумның ұйымдастырушыларының бірі – Президент Архивінің серіктесі Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті. Екі тарап бірнеше жылдан бері ортақ ғылыми және білім беру жобаларын табысты жүзеге асырып келеді. Соның ішінде жас архившілердің кәсіби біліктілігін арттыру мен тәжірибе алмасуға бағытталған дәстүрлі Архившілердің жазғы мектебі ерекше орын алады.