05.06.2025

ҚР Президенті Архивінің делегациясы Мәскеуге жұмыс сапарымен барды

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ә.Қ. Мұстафина бастаған делегация 4-6 маусым күндері Мәскеу қаласында өтіп жатқан «Цифрлық дәуірдегі виртуалды шындық пен құжаттық мұра» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуда.

Форум құжаттық мұраны цифрлық дәуірде сақтау, архивтерді электрондық материалдармен толықтыру және архив саласында заманауи технологияларды қолдану мәселелеріне арналған. Сондай-ақ, құжаттық мұраны кеңінен танытудың жаңа тәсілдері саналатын электронды басылымдарға, онлайн-көрмелерге және виртуалды жинақтарға ерекше назар аударылуда.

Конференция жұмысына ТМД елдеріндегі архив, музей, кітапхана мекемелері, университеттер және ғылыми-зерттеу институттарының мамандары мен зерттеушілері қатысып жатыр. Форумның соңғы күні 6 маусымда ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінде (РМГУ) «Қазіргі әлемдегі заманауи архив» тақырыбында дәріс оқиды және Қазақстандағы архив ісінің цифрлық трансформациясы жайында айтып бермек. 

Айта кетейік, конференция тек дәрістер мен шеберлік сабақтарымен шектелмейді. ҚР Президенті Архивінің делегациясы Мәскеу Орталық архиві мен Обнинск қаласындағы Ресей Федерациясының мемлекеттік архивінің жұмысымен танысты.

Президент Архиві көп жылдан бері ресейлік әріптестерімен тығыз әріптестік орнатып келеді. Оның ішінде форумды ұйымдастырушы мекемелердің бірі Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық орнатылған. Мұндай іс-шараларға қатысу кәсіби байланысты нығайтып қана қоймай, еліміздегі архив ісіне озық халықаралық тәжірибені енгізуге жол ашады.