ҚР Президенті Архивінде Халықаралық архивтер кеңесінің Президенті Орталық Азия елдерінің архив қызметтері басшыларымен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс пен Орталық Азия елдерінің архив қызметтері басшыларының кездесуі өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы архив қызметтерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің басшылығы мен өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашып берген Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина цифрлық трансформация жағдайында Орталық Азия елдерінің архив қызметтері арасында кәсіби тәжірибе алмасу, кадр даярлау және құжаттық мұраны сақтау бағытындағы ынтымақтастықтың маңызы арта түсетінін атап өтті. Осы ретте 2022 жылы Президент Архивінің бастамасымен және Халықаралық архивтер кеңесінің қолдауымен қолға алынған Архившілер конгресі маңызды рөл атқарады.

Қазіргі уақытта Конгресс архив ісін дамыту, құжаттық мұраны сақтау және заманауи технологияларды архив қызметіне енгізу мәселелерін талқылайтын беделді халықаралық диалог алаңына айналды.

Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, архив мекемелері арасындағы өзара байланысты нығайтуға және Орталық Азия архив қауымдастығының халықаралық архивтік үдерістерге ықпалдасуына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Орталық Азия елдерінің архив қызметтерінің басшылары жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы ақпарат беріп, Халықаралық архивтер кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың келешегі жөнінде пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестік байланыстарды одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуды кеңейтуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және архив саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылықтарын білдірді.

Айта кетейік, кездесу Астанада өтетін «Digital Archive EXPO» Қазақстан архившілерінің III конгресі қарсаңында өтті. Екі жыл сайын өткізілетін ауқымды форум биыл әлемнің 30 елінен келген 500-ден астам қатысушының басын қосып отыр.