08.06.2026

ҚР Президенті Архивінде Халықаралық архивтер кеңесінің Президенті Орталық Азия елдерінің архив қызметтері басшыларымен кездесті

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс пен Орталық Азия елдерінің архив қызметтері басшыларының кездесуі өтті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы архив қызметтерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің басшылығы мен өкілдері қатысты.

Цифрлық трансформация жағдайында құжаттық мұраны сақтау және кәсіби кадрларды даярлау мақсатында халықаралық ынтымақтастықты арттырудың маңызы артып отыр.

Кездесудің алғы сөзін сөйлеген Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина өңірдегі архив мекемелері мен Халықаралық архивтер кеңесі арасындағы кәсіби диалогты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол архив саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және бірлескен шешімдер әзірлеу алаңы ретіндегі Архившілер конгресінің рөліне тоқталды.

2022 жылы Халықаралық архивтер кеңесінің (ХАК) қолдауымен Архившілер конгресін өткізу бастамасы көтерілген болатын. Қазіргі уақытта Конгресс архив ісін дамыту, құжаттық мұраны сақтау және архив қызметіне заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылайтын беделді халықаралық диалог алаңына айналды.

Халықаралық архивтер кеңесінің президенті Жозе Кирпс кәсіби ынтымақтастықты дамытуға, архив мекемелері арасындағы өзара байланысты нығайтуға және Орталық Азиядағы архив қауымдастығын халықаралық архивтік үдерістерге интеграциялауға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Өз кезегінде Орталық Азия елдерінің архив қызметтерінің басшылары жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы ақпарат беріп, Халықаралық архивтер кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасты.

Кездесу қорытындысында тараптар әріптестік байланыстарды одан әрі дамытуға, тәжірибе алмасуды кеңейтуге, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және архив саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендерін растады.

Айта кетейік, бұл кездесу Астанада Халықаралық архив кеңесінің қолдауымен өтіп жатқан III Халықаралық архившілер конгресінің ашылуы қарсаңында өтті.