27.02.2026

ҚР Президенті Архивінде 2026 жылғы алғашқы семинар өтті

ҚР Президенті Архивінде 2026 жылғы алғашқы семинардың тақырыбы -құжаттармен жұмыс істеу тәртібі мен іс жүргізудің ерекшеліктері болды. Іс-шараға 25 ұйымнан 41 құжаттану және архив ісі маманы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Конституциялық Сот Аппараты, Жоғары Сот Кеңесі, Ұлттық банк, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, сондай-ақ бірқатар академиялар, агенттіктер мен мемлекеттік институттардың өкілдері бар.
«Іс жүргізу негіздері: теориядан практикаға» атты дәрісте қатысушылар бұйрықтар, хаттамалар, актілер мен анықтамаларды дайындау тәртібін, құжат мәтініне қойылатын талаптар мен оны дұрыс ресімдеу ерекшеліктерін талқылады.

Семинарды Архив директорының орынбасары Бақытхан Шайлазымов ашып, биыл тоғыз оқыту кездесуін өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол семинар тақырыптары құжаттарды толықтыру көздерінің қажеттіліктері ескеріле отырып таңдалғанын жеткізді.

Семинарда Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің аға сарапшысы Құралай Қабдолова баяндама жасап, кез келген құжат, бұйрық болсын, хат болсын, заңдық құрал екенін еске салды. Реквизиттерде немесе қолтаңбада жасалған бір ғана қателік соттық немесе қаржылық тәуекелдерге әкелуі мүмкін екені ерекше айтылды.

Дәрісте құжаттарды рәсімдеу тәртібі, реквизиттерді, тақырыптарды, мәтінді және тіркемелерді дұрыс ресімдеу ережелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұйрықтармен, хаттамалармен, актілермен және анықтамалармен жұмыс ерекшеліктері қарастырылды. Жиі кездесетін қателіктер де атап өтілді: қате көрсетілген дата, құжат нөмірлерінің жоқтығы, қолтаңба немесе алушыны дұрыс ресімдемеу.

«Семинар интерактивті форматта өтті. Бұрын ақпарат тек дәріс түрінде берілетін болса, бүгінгі кездесу ойын, әңгімелесу және сұрақ-жауап арқылы ұйымдастырылды. Қатысушылар бұрын алған білімдерін қайталап, оларды жаңартты. Бұл тәжірибе өте қызықты әрі пайдалы болды», - деді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Хатшылық меңгерушісінің орынбасары Жанат Нұрмағамбетова.

Еске салсақ, 2025 жылы ҚР Президенті Архиві 12 кәсіби оқыту іс-шарасын өткізді. Оның 10-ы архивті толықтыру көздері болып табылатын ұйымдардың құжаттық қамтамасыз ету және ведомстволық архив қызметкерлеріне арналды. Барлық семинарларға 30 ұйымнан 562 маман қатысты.