25.07.2025
ҚР Президенті Архиві мен Литва архивтері: өзара тәжірибе мен ынтымақтастық жолында
2025 жылғы 21-25 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің делегациясы Литва Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов және Архив ақпаратын ұсыну қызметінің аға сарапшысы Ақжан Исаева болды.
Іссапар барысында Архив қызметкерлері Каунас өңірлік мемлекеттік архивінде, Вильнюстегі Литваның арнайы архиві мен Орталық мемлекеттік архивінде, сондай-ақ Клайпеда өңірлік мемлекеттік архивінде болып, архив құжаттарының қорымен, олардың цифрландыру жүйесімен және пайдаланушыларға арналған онлайн-сервистерімен танысты.
«Литвалық әріптестеріміздің құжаттарды цифрлық түрде ұзақмерзімді сақтауға арналған шешімдері мен архивтік деректерді зерттеушілерге қолжетімді ету тәртібі бізді қызықтырды. Сапар аясында тәжірибе жүзінде көргендеріміздің арасынан озық тәсілді өз жұмысымызда қолдануға ниеттіміз», - деді Қ. Әлімғазинов.
Өз кезегінде қазақстандық мамандар ҚР Президенті Архивінің қызметі, сонымен қатар ішінде архившілердің жазғы мектебі, олимпиада, хакатон, халықаралық конгресс сияқты Президент Архивінің ауқымды жобалары жайында баяндап берді.
Айта кетейік, 2024 жылғы 1-4 қазан күндері Алматы қаласында «Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» тақырыбында өткен Қазақстан архившілерінің II халықаралық конгресіне литвалық әріптестер келіп, жаһандық сын-қатерлер жағдайында құжаттық мұраны сақтаудың өзекті мәселелерін талқылауға қатысқан болатын.