03.09.2026

ҚР Президентінің Архиві БҰҰ Кітапханасы және архивтерімен халықаралық ынтымақтастықты дамытуда

Женева қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің делегациясы БҰҰ Кітапханасы және архивтерінің директоры Шарлотта Варакауллемен кездесті. Жиын барысында биыл бірқатар бірлескен бастаманы жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кездесуде электрондық құжаттарды ұзақ мерзімді сақтау, жасанды интеллектіні қолдану, цифрлық деректерді басқару және заманауи архивтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Одан бөлек, архив қорларын толықтыру, құжаттардың сақтау және архивтік ақпаратқа цифрлық қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне де назар аударылды.

Кездесуге ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов, Білім беру жобалары және халықаралық ынтымақтастық орталығының жетекші сарапшысы Асқар Құдайбергенов және ҚР-ның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің үшінші хатшысы Назарбек Машбек қатысты.

ҚР Президенті Архивінің өкілдері мекеменің негізгі қызмет бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жаңа бастамаларын таныстырды. Шетелдік әріптестер қазақстандық мамандардың жасанды интеллект жобаларын әзірлеу және енгізу бағытындағы тәжірибесіне қызығушылық танытып, биыл Астанада өткен «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресі аясында ұсынылған инновациялық әзірлемелерді жоғары бағалады.

«Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің жұмыс ауқымы мен деңгейі, әсіресе, биыл Астанада өткен Халықаралық архившілер конгресі аясында ұсынылған нәтижелер біз үшін ерекше әсер қалдырды. Қазақстандық әріптестеріміздің, атап айтқанда, Президент Архивінің цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні енгізу және архивтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы тәжірибесі үлкен қызығушылық тудырады», – деді Шарлотта Варакаулле.

Өз кезегінде БҰҰ Кітапханасы және архивтерінің қызметкерлері мекеменің қызметімен таныстырып, құжаттық ресурстарды цифрландыру, сақтау және архивтік ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету бағыттарына тоқталды.

Заманауи архив инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Шетелдік әріптестер ҚР Президенті Архивінің заманауи архив нысандарын жобалауға қатысу және оларды іс жүзінде жүзеге асыру бағытындағы тәжірибесіне қызығушылық білдірді.

Шарлотта Линдберг Варакаулле мекемелер арасындағы кәсіби ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдіріп, биыл БҰҰ Кітапханасы және архивтері мен ҚР Президенті Архиві арасында бірқатар бірлескен іс-шара өткізуді ұсынды.

Тараптар бірлескен жұмыстың нақты бағыттарын айқындауға дайын екендерін мәлімдеді.

«БҰҰ Кітапханасы және архивтерімен арадағы кәсіби диалогтың нақты практикалық деңгейге көтеріліп келе жатқаны біз үшін өте маңызды. Тәжірибе алмасу үшін үлкен әлеует бар деп санаймыз. Бұл жұмыстар цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудан бастап, электрондық құжаттарды ұзақ мерзімді сақтау және архивтік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне дейінгі кең ауқымды қамтиды», – деді ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов.

Айта кетейік, Шарлотта Варакаулле 2026 жылғы маусымда Астана қаласында өткен «Digital Archive EXPO» III Архившілер конгресіне қатысты.