20.05.2026
ҚР Президенті Архиві архив саласын дамыту мәселелерін талқылауға қатысты
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің өзекті мәселелері және Марат Хасанаевтың мұрасы» тақырыбындағы II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік «Хасанаев оқулары – 2026» конференциясына қатысты.
Дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві базасында өткен конференция архив саласының өкілдерін, тарихшыларды, зерттеушілерді және құжаттану саласының мамандарын бір алаңда тоғыстырды. Биылғы іс-шара белгілі тарихшы-архивист, қоғам қайраткері Марат Хасанаевтың туғанына 80 жыл толуына арналды.
Конференция барысында қатысушылар архив ісін дамыту, құжаттық мұраны сақтау, цифрландыру үдерістерін жетілдіру және заманауи технологияларды архив саласына енгізу мәселелерін талқылады.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві үшін «Хасанаев оқуларына» қатысу еліміздің архив қауымдастығымен кәсіби ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болып табылады. Конференция ғылыми-зерттеу және археографиялық қызмет нәтижелерін таныстыруға, архив саласына заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылауға, сондай-ақ архив мекемелері арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Республикасы Президенті Архиві директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов.
Конференция қатысушылары Марат Хасанаевтың ғылыми және кәсіби мұрасы бүгінгі күні де архив саласы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның архив ғылымын дамытуға, білікті мамандар даярлауға және бірыңғай ғылыми-білім беру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған идеялары өзектілігін әлі де сақтап келеді.