05.11.2024

ҚР Президенті Архиві мен Франция Ұлттық архивтері ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

2024 жылдың 4-5 қарашасында Президенті Эммануэль Макронның шақыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Франция Республикасына ресми сапармен барды. Мемлекет басшысының сапары аясында, Францияның Мәдениет министрлігінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен ФР Мәдениет министрі Рашида Датидың қатысуымен екі мемлекеттің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Құжаттық мұраны зерттеу және сақтау, тәжірибе алмасу, бірлескен ғылыми-тәжірибелік жұмыстарын жүргізу және екіжақты көрмелер ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Франция Республикасының Ұлттық архивтері арасында жасалған ынтымақтастық туралы Меморандум мүмкіндік береді. Аталған құжатқа сапар аясында екі елдің жетекші архивтерінің басшылары Әлия Мұстафина мен Брюно Рикар қол қойды.

Франция Ұлттық архиві әлемдегі ең ірі архив мекемелерінің бірі болып табылады, оның топтамаларында Франция мемлекетінің 12 ғасырлық тарихын қамтитын құжаттар бар. Архив 1790 жылы Ұлы француз революциясы кезінде құрылған және дәл осы жерде Франция Конституциясына негіз болған құжат - Адам және азамат құқықтары декларациясының түпнұсқасы сақталып отыр. Франция Ұлттық архивтерінің ауқымды топтамасы қатарында Қазақстан тарихының түрлі кезеңдеріне қатысты құжаттар да бар. Зерттеушілердің пікірінше, қазақ зиялылары, әсіресе 1921 жылдан бастап Париж қаласында тұрған қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне қатысты құжаттарды іздестіру мен зерттеу қажет етеді. Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақстандықтардың Қарсыласу қозғалысына қатысуы, қазақ пен француз халықтарының әртүрлі тарихи кезеңіндегі байланысының басқа да аспектілерін зерделеу маңызды бағыттардың бірі болып табылады.