06.05.2024

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының курсанттары Архивте

6 мамырда ҚР Президентінің Архивінде мемлекетіміздің маңызды мерекелері – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясының курсанттары «Халық Қаһарманы» атағының иегері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, алғашқы армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың (25 мамыр 1924 – 24 қыркүйек 2013) өмірі мен қызметтік жолына арналған көрмемен танысты. Архивтің Құжаттарды пайдалануды ұйымдастыру қызметі бөлімінің басшысы Б.Ә. Қасенов болашақ отан қорғаушыларға генералдың өмір жолын баяндап берді. С.Қ. Нұрмағамбетов Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерліктің үлгісін көрсеткен қазақ халқының ержүрек батыры. Себебі оның басқаруындағы батальон Гитлердің Рейх канцеляриясының ғимаратына жасалған шабуылда әскери ерлік көрсете алған. Краснодар өлкесін, Украинаны, Молдованы, Беларусь пен Польшаны азат етуге қатысқан. 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жасында Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес одағының батыр атағы беріледі, ал сәуір айында Қызыл Ту орденімен марапатталады. Сағадат Нұрмағамбетовтың жауынгерлік білімі мен тәжірибесі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында да елдің қорғанысына өз үлесін қосты.

1991 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 1992 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болды. Курсанттар аталған тарихи құжаттармен және жолдастарының жазған хаттарын, басылымдарда жарияланған баяндамаларын, естеліктерін, ерекше фотосуреттерін, ол жайлы жазылған мақалалармен танысты. Сонымен қатар, курсанттар С.Қ. Нұрмағамбетовтың республикадағы қорғаныс және әскери-саяси мәселелер бойынша Қазақстан Президентіне жолдаған ұсыныс хаты, Қазақстанның әскери құрылысының негізгі бағыттары бойынша анықтама-баяндамасы және оған Армия генералы әскери атағын беру туралы жарлықпен танысты. Көрмедегі негізгі құжаттар Президент Архивіндегі С.Қ. Нұрмағамбетовтың жеке тектік қорынан алынды. Көрменің интерактивті нұсқасы да экраннан көрсетіліп, курсанттар Қарулы күштердің құрылуы мен қалыптасуында аса маңызды рөл атқарған Сағадат Нұрмағамбетов жайлы естеліктерді тыңдады. Онымен қызметтес болған азаматтар, қызы және т.б. адамдар батыр жайлы ойымен бөлісті.