19.05.2025
ҚР Конституциялық сотының судьялары Президент Архивінің жұмысымен танысты
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары Астанадағы Президент Архивінің жаңа ғимаратына барып, мекеменің қызметімен танысты. Сонымен қатар тараптар алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Архив директоры Әлия Мұстафина қонақтарға мекеменің негізгі қызмет бағыттары туралы айтып берді. Ол Архив қорында 1,5 миллионнан астам құжат сақталғанын, олардың көп бөлігі цифрландырылып, зерттеушілерге электрондық форматта қолжетімді екенін атап өтті.
Іс-шара аясында судьялар оқу залын, архив қоймаларын және Қазақстан Республикасының Конституциясы қойылған көрме залын аралады. Экскурсия барысында цифрландыру мәселелері, мемлекеттік құжаттарды архивке тапсыру тәртібі және құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтары сөз болды.
Кездесу соңында Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Азимова Архивке профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты кітабын сыйға тартты. Кітап оқу залында лайықты орын алып, зерттеушілерге қолжетімді болады.