23.04.2026

Президент Архивінің мамандары архивтік құжаттарды қалпына келтіру бойынша халықаралық оқудан өтуде

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің мамандары архивтік құжаттарды қалпына келтіру бойынша халықаралық оқудан өтуде. Бағдарлама аясында олар тарихи деректермен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгереді.

Оқу Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында өтіп жатыр. Ол «Өзбекстан мен Қазақстан кітапханаларындағы архивтік құжаттарды сақтау және қорғау» жобасы аясында ұйымдастырылған. Жоба ALIPH халықаралық қорының қолдауымен жүзеге асып, Орталық Азиядағы ислам қолжазбаларын зерттеу және сақтау мәселелерін қамтиды.

Бағдарламаға еліміздің архив және музей саласының мамандары қатысты. Президент Архивінен Дана Тюлегенова мен Айгерім Изан білім алды. Сабақтарды Грекия, Түркия және Италиядан келген халықаралық сарапшылар жүргізіп, қатысушыларға көне түптеу ерекшеліктері және зақымданған материалдарды қалпына келтіру әдістерін үйретті.

Бұл – оқу бағдарламасының алғашқы кезеңі. Алдағы уақытта, қыркүйек пен қазанда, теориялық және тәжірибелік сабақтарды қамтитын келесі кезеңдер жалғасады.