Президент сұхбаты: тарих, архив және азаматтық жауапкершілік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan газетіне» берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты негізінде Президент Архивінде еркін пікір алмасу өтті. Қызметкерлер сұхбатта кімді не ойландырғаны, қандай тұстары назар аудартқаны жөнінде ой бөлісті.

Әуелгі сөзді Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Н.У. Шаяхмет алып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатына жан-жақты талдау жасады.

Ол аталған сұхбатты жеке бір мәтін ретінде ғана емес, Президенттің қаңтар айында дәстүрлі түрде жолдайтын үндеулерімен мазмұндық тұрғыдан сабақтас, есеп беру мен стратегиялық бағдарды ұштастыратын саяси жанрдың жалғасы ретінде бағалады. Аталған сұхбаттар өткен жылды қорытындылауға, алдағы кезеңге идеялық бағыт-бағдар беруге және қоғаммен тікелей диалог орнатуға бағытталған. Спикер сұхбатта қозғалған экономикалық және әлеуметтік тақырыптарға егжей-тегжейлі тоқталып, Мемлекет басшысының ел тарихы үшін деректердің сақталуына айрықша мән бергенін атап өтті

«Президент тарихи тұлғалар мен оқиғаларды ұлықтау тек нақты деректерге сүйенуі керектігін баса айтады: «…халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көрсету – мен үшін мүлде ақылға қонбайтын нәрсе». Бұл тұрғыда архив дерексіз, дәйексіз тұжырымдарға тосқауыл қоятын, ақиқатты айқындайтын құжаттар сақталатын орын ретінде қарастырылады. Президенттің «құжатпен дәлелденбеген тарихқа сенбеу» туралы ұстанымы архивтердің мемлекеттік идеологиядағы рөлінің жоғары бағаланып отырғанын көрсетеді», - деді ол.

Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының қызметкері Ш.В. Тлепина өз сөзінде Мемлекет басшысының сұхбатындағы экономикалық контекстке тоқталып, онда көтерілген әлеуметтік-экономикалық басымдықтардың елдің алдағы даму кезеңі үшін маңызын атап өтті. Ол сұхбатта экономикалық тұрақтылық, жауапты даму және қоғамның жаңа талаптарға бейімделу мәселелері өзара тығыз байланыста қарастырылғанына назар аударды.

Сонымен қатар Архив директоры Ә.Қ. Мұстафина бұл кездесудің формалды талқылаумен шектелмей, мазмұнды пікір алмасу алаңына айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, сұхбат әр қатысушыға кәсіби тұрғыдан ғана емес, азаматтық және жеке жауапкершілік тұрғысынан да ой салды.

«Сұхбат көлемі жағынан ықшам болғанымен, мазмұны терең. Жыл басындағы Мемлекет басшысының сұхбаттары қоғамға белгілі бір серпін береді, алға бағыт сілтейді. Бұл жолы да әркім өзіне маңызды тұстарды айқындап, оларды тек кәсіби қызметпен ғана емес, күнделікті өмірмен де байланыстыра алды. Мәселен, «Таза Қазақстан» ұғымы тек экология мәселесі емес, адамның ішкі тазалығы мен жауапкершілігі туралы кең мағынада ойлануға жетелейді. Мұндай талқылаулар әрқайсымызға ой қорытып, өз ұстанымымызды қайта бағамдауға мүмкіндік береді», - деді директор.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері, оның ішінде Алматы қаласындағы филиалының өкілдері қатысты.