12.03.2026
Президент Архивінің қызметкерлері жасанды интеллект құралдарын меңгеруде
Архив саласы тек қағаз құжаттар сақтайтын орын емес, заманауи технологиялардың орталығына айналып келеді. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері цифрлық дәуірдің ең басты құралы жасанды интеллектті (ЖИ) жұмыс барысына енгізу мақсатында арнайы оқыту курсынан өтті. Оған 30-дан астам архивші қатысты.
«Жасанды интеллект негіздері» тақырыбындағы оқытуды Цифрлық үкіметті қолдау орталығының мамандары өткізді. Тренинг теориялық негіздермен шектелген жоқ, онда практикалық тұрғыда нейрожелілерді күнделікті жұмысқа қалай тиімді пайдалануға болатыны көрсетілді. Сонымен қатар архивтік процестерді автоматтандыру мен құжаттармен жұмыс істеудің интеллектуалды жүйелерін енгізу жолдарын талқыланды.
«Архив қызметкерлері арасында мұндай тренинг алғаш рет өткізіліп отыр. Қатысушылардың қызығушылығы ұнады. Біз оларға барлығын басынан бастап үйретіп, соңында ЖИ-агенттерін жасауға көмектестік. Ең бастысы, жасанды интеллект адамды алмастырмайды, ол тек жұмысты жеңілдететін, өнімділікті арттыратын таптырмас көмекші құрал екенін естен шығармау керек», - деді Андрей Лим.
Бұл іс-шара архив ісін жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Заманауи құралдарды меңгеру арқылы мамандар тарихи құжаттарды жүйелеу мен өңдеу уақытын айтарлықтай қысқартып, жаңа цифрлық мүмкіндіктерге жол ашпақ. Президент Архиві ұжымы үшін бұл тәжірибе тек біліктілікті арттыру ғана емес, болашақтың архивін құруға жасалған батыл бетбұрыс болды.