12.10.2026

Президент Архивінің қызметкері мәдени мұраны сақтау бойынша халықаралық сарапшылардан білім алуда

ҚР Президенті Архивінің бірінші санатты архившісі Данагүл Төлегенова құжаттық мұраны сақтау және реставрациялау мәселелеріне арналған халықаралық білім беру бағдарламасына қатысуда. Оқу курсы 2026 жылғы 5–16 қазан аралығында Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өтіп жатыр.

Курс ALIPH қорының қолдауымен және Еуропалық Одақтың бірлескен қаржыландыруымен STERNA Heritage ұйымы жүзеге асырып жатқан STERNA LibUzKaz халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылған. Бағдарлама үш кезеңнен тұрады, оның екеуі қазан айында өтеді.

Оқу барысында теориялық білім тәжірибелік сабақтармен ұштастырылады. Қатысушылар құжаттарды сақтау, құрғақ әдіспен тазалау, биологиялық зақымдануларды жою және зиянкестерден қорғау тәсілдерін меңгеруде. Сондай-ақ реставрациялық қағаздармен жұмыс істеуге, арнайы қорғаныш қаптамаларын дайындауға, дәстүрлі орау әдістеріне, кітаптар мен қолжазбаларды көрмеге қоюға және ұзақ мерзімге сақтауға әзірлеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Сабақтарды мәдени мұраны сақтау саласындағы халықаралық сарапшылар – Грекия Ұлттық кітапханасының кітаптар мен қағаз құжаттарды консервациялау маманы, доктор Николас Саррис және Түркия Қолжазбалар институтының консервация бөлімінің негізін қалаушы, доктор Нил Байдар жүргізуде.

Еске сала кетейік, халықаралық білім беру бағдарламасы 2026 жылғы сәуірде басталған болатын. Ол кезде Грекия, Түркия және Италиядан келген сарапшылар дәріс берген еді.

Халықаралық жобаға қатысу Президент Архиві мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және тарихи құжаттардың сақталуын қамтамасыз етудің заманауи әдістерін меңгеруге мүмкіндік береді.