05.08.2026

Президент Архивінің сарапшысы халықаралық конференцияда анықтамалық басылымдар әзірлеу тәжірибесімен бөлісті

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына орай «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Форумда ҚР Президенті Архиві Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығы Перспективалық зерттеулер секторының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Шолпан Тлепина баяндама жасады.

Өз сөзінде Шолпан Тлепина «Мемлекеттік билік органдары» анықтамалығы негізінде анықтамалық-құжаттық басылымдарды әзірлеудегі ҚР Президенті Архивінің тәжірибесін таныстырды. Ол анықтамалықты әзірлеудің ғылыми-әдістемелік тәсілдері, архивтік материалдарды іріктеу және жүйелеу қағидаттары, сондай-ақ мемлекеттік органдарға арналған тарихи анықтамаларды дайындаудың ерекшеліктері туралы баяндады.

«Анықтамалықты әзірлеу теориялық тұрғыдан да терең зерделеуді талап етеді. Мемлекеттік органдардың тарихы құжат түзілу үдерісі мен архивтану саласын зерттеумен тығыз байланысты. Архивтануда қор құраушы және архив қоры ұғымдары, сондай-ақ қордың шығу тегі мен тұтастығы қағидаттары мемлекеттік органдарды және олардың қызметі барысында қалыптасқан құжаттар кешенін білдіреді», - деді Ш.Тлепина.

Отырысқа қатысушылар Ұлттық архив қорын қалыптастыру, архивтік материалдарды ғылыми жариялау, құжаттық мұраны сақтау және ғылыми айналымға енгізу, архивтердің цифрлық трансформациясы мен жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, іс-шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы Корольдігі және Тәжікстан архив мекемелерінің мамандары қатысты. Олар архив ісін ұйымдастыру, цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.