30.09.2024
Президент Архивінің мерейтойлық пошта маркасы таныстырылды
2024 жылғы 1-4 қазан күндері Алматы қаласында өтетін «Мұра институттары қоғамды орнықты дамыту жолында» II конгресі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы арнайы таныстырылды. Президент Архивінің мерейтойлық пошта маркасын шығару – бұл біздің өткенімізге деген құрмет және оны насихаттауға деген ұмтылымыздың көрінісі. Салтанатты рәсім Президент Архивінің ғимаратында өтті. Арнаулы пошта маркасын таныстыру рәсіміне Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина мен «Қазпошта» АҚ бастығы Әсел Жанасова қатысты.
Бұл марканы шығару отандық архившілердің жұмысына деген үлкен ықыластың белгісі деуге болады, өйткені қазақстандық пошта маркасы алғаш рет архив саласына арналып отыр. Марка ертең, яғни 1 қазаннан бастап айналымға шығады. Жалпы тиражы 5000 дананы құрайды. Пошта маркаларындағы суреттер маңызды тарихи оқиғалар мен жетістіктердің шежіресі. Арнайы мөртабанмен белгіленгеннен кейін коллекциялық құндылыққа ие болады, архивте сақталған тарихи, маңызды құжаттар сияқты есте қаларлық нысанға айналады.