24.11.2026

Президент Архивінің мамандары мемлекеттік қызметшілерге электрондық архивтермен жұмыс істеу тәртібін түсіндірді

Электрондық құжаттарды қалай сақтау қажет? «Е-архив» ақпараттық жүйесінде құжаттармен жұмысты қалай тиімді ұйымдастырған жөн? Осы және өзге де мәселелер 24 қарашада өткен семинарда талқыланды. Мемлекеттік органдардың кеңсе қызметкерлері мен архившілерінен құралған 29 маманға Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері цифрлық ақпаратты жүйелеу және қорғау жолдарын түсіндірді.

Семинар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтті. Іс-шараны ашқан Архив директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов электрондық құжаттарды түпнұсқа күйінде сақтап, ондаған жылдан кейін де пайдалануға мүмкіндік жасау цифрлық трансформацияның басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің цифрлық жадын сақтау үшін басшылар, құжаттанушылар, заңгерлер мен қауіпсіздік саласының мамандары бірлесе жұмыс істеуі қажет. Өз баяндамасында ол электрондық ақпараттың жоғалу қаупіне тоқталып, құжаттардың түпнұсқалығын анықтауда метадеректердің атқаратын рөлін түсіндірді. Сондай-ақ құжаттарды мазмұнына қарай іздеуде, істер мен тізімдемелерді автоматты түрде қалыптастыруда және шешім қабылдауда жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктері туралы айтты.

Архивтің Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының жобаларды сараптау секторының меңгерушісі Ельмира Нуркишева архивтерді толықтыру көздері саналатын ұйымдардың цифрлық ортадағы қызметіне қойылатын халықаралық стандарттар мен ұлттық талаптарды таныстырды. Әлемдік тәжірибеден мысалдар келтіріп, электрондық құжаттардың резервтік көшірмелерін жасау және оларды ұзақ мерзімге сақтау жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар Қазақстанның архив заңнамасындағы өзгерістер, құжаттарды архивке тапсыру тәртібі және бүгінгі архившіге қажетті кәсіби білім мен дағдылар туралы баяндады.

Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің толықтыру көздерімен өзара іс-қимыл секторының аға сарапшысы Құралай Кабдулова «Е-архив» ақпараттық жүйесінде істер номенклатурасын жасау бойынша практикалық сабақ өткізді. Ол Қазақстандағы электрондық құжат айналымының даму кезеңдері мен деректерді аталған жүйеге көшіру нәтижелері туралы мәлімет берді. Сабақ барысында тыңдаушылар ұйымның құрылымы мен атқаратын міндеттеріне сай істер номенклатурасын жасауды, істерге индекс беруді, тақырыптарын дұрыс жазуды және сақтау мерзімдерін белгілеуді нақты мысалдар арқылы меңгерді.

Аталған қызметтің құжаттар құндылығын сараптау секторының II санатты архившісі Шынар Жанузакова «Ұйымдардың ведомстволық архивтеріндегі цифрлық фотоқұжаттардың құндылығын сараптау» тақырыбында интерактивті пікірталас өткізді. Қатысушылар фотоматериалдардың құндылығын анықтау және оларды архивте сақтау үшін іріктеу мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Семинарға қатысушылар мамандардан кеңес алып, күнделікті жұмысында кездесетін мәселелерді ортаға салды. Үш күнге созылатын оқу бағдарламасы 24 академиялық сағатқа есептелген. Бағдарламаға теориялық сабақтармен қатар практикалық тапсырмалар да енгізілген.

Айта кетсек, ҚР Президентінің Архиві мен Мемлекеттік басқару академиясы ұзақ жылдар бойы бірлесіп жұмыс істеп келеді. Екі мекеме жүйелі түрде кәсіби тәжірибе алмасып, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған оқу іс-шараларын ұйымдастырып тұрады.