29.07.2025

Президент Архивінің мамандары Мәскеуде өтіп жатқан халықаралық форумға қатысуда

Мәскеуде Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті (РМГУ) базасында «Еуразиялық кеңістіктегі тарихи үдерістер: әдіснама және зерттеудің жаңа тәсілдері» тақырыбында халықаралық жазғы институт өз жұмысын бастады. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінен Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының аға сарапшысы Бақытжан Ақтайлақ және ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының екінші санатты архившісі Сымбат Шайжанова қатысып жатыр.

Жазғы институт РМГУ қабырғасында бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. РМГУ іс-шараны М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Тверь және Тула университеттерімен бірлесе ұйымдастырады.

Мақсаты - академиялық байланысты нығайтып, тарихты зерттеудің жаңа көзқарасын қалыптастыру. РМГУ ректоры Андрей Логинов ашылу салтанатында атап өткендей, басты міндет тарихи мұраны талдаудың заманауи әдістерін дайындау.

Форум жұмысы 10 тамызға дейін жалғасады. Онда Қазақстан, Орталық Азия, ТМД елдері мен өзге де шет мемлекеттерден келген жас зерттеушілер екі апта бойы біліктіліктерін арттырады. Бағдарламасы аясында тарих пен мәдени мұраны зерттеудің қазіргі тәсілдерімен, цифрлық гуманитаристика технологияларымен, архивтану негіздерімен, үлкен деректер мен жасанды интеллектті гуманитарлық ғылымдарға қолдану бағыттарымен танысады.

Қатысушылар үшін воркшоптар мен акселераторлар, жобалық жұмыстар, Мәскеу, Тула және Тверь қалаларындағы музейлер мен университеттерге экскурсиялар, сондай-ақ жетекші сарапшылар және ғалымдармен кездесулер жоспарланған. Форум соңында жас зерттеушілер топтық ғылыми жобаларын таныстырады.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті 2016 жылдан бері серіктестік орнатқан. 2017 жылдан бастап бірлестікте жас архившілердің Жазғы мектебі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, екі жақтың ынтымақтастықтың басқа да бағыттары қарқынды дамуда: РМГУ Президент Архиві ұйымдастыратын халықаралық конгрестер мен іс-шараларға қатысып, ал қазақстандық мамандар университет тарапынан ұйымдастырылатын ғылыми конференциялар мен семинарларға шақырылады.