09.07.2026
Президент Архивінің мамандары халықаралық «Жазғы институт» жобасына қатысады
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қызметкерлері Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті мен серіктес жоғары оқу орындарының базасында өтетін «РМГУ Жазғы институты» халықаралық білім беру жобасына қатысады. Биыл бағдарлама аясында 12 елден келген жас зерттеушілер мен мамандар бір алаңда жиналады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві атынан Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Талғат Мақанбаев пен Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің сарапшысы Тоқжан Ермешева барады. Олар Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Қытай, Индонезия, Босния және Герцеговина, Абхазия және Оңтүстік Осетия елдерінен келген 25 қатысушымен бірге «Еуразия кеңістігіндегі тарихи үдерістер: зерттеу әдіснамасы және жаңа тәсілдер» бағыты бойынша қарқынды білім беру бағдарламасын меңгереді.
19 шілде мен 2 тамыз аралығында өтетін Жазғы институт барысында қатысушылар екі апта бойы Ресейдің жетекші гуманитарлық ғылымдар саласындағы мамандарымен бірлесіп жұмыс істейді. Одан бөлек, тарихи зерттеулердің әдіснамасы, цифрлық гуманитаристика, ғылыми және білім беру қызметіндегі жасанды интеллект, тарихи жады, мәдени мұра және ғылыми дипломатия мәселелеріне арналған дәрістер, семинарлар, шеберлік сабақтары, жобалық сессиялар мен практикалық жұмыстар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар бағдарлама аясында серіктес жоғары оқу орындарында тағылымдамалардан өту және цифрлық технологиялар, тарихи информатика, тарихи-мәдени мұраны сақтаудың заманауи тәжірибелеріне арналған тақырыптық оқу сабақтарына қатысу қарастырылған.
Бағдарламада бірлескен жобалық жұмыстарға ерекше назар аударылады. Қатысушылар ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларды әзірлеп, өз елдеріндегі ғылыми-зерттеу дәстүрлерін таныстырады және Еуразияның біртұтас гуманитарлық кеңістігін қалыптастыру перспективаларын талқылайды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бұл жобаға қатысуы Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен арадағы көп жылдық әріптестіктің заңды жалғасы болып саналады. 2017 жылдан бері екі тарап ғылыми және білім беру саласындағы бірлескен жобаларды іске асырып келеді. Солардың ішіндегі ең ауқымды әрі маңызды бастамалардың бірі – жыл сайын өткізілетін Жас архившілердің жазғы мектебі. Осы уақыт аралығында Жазғы мектепке Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Италия, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Молдова, Ресей, Танзания, Түрікменстан, Франция және Өзбекстаннан 1 300-ден астам жас маман қатысып, білімін жетілдірді. Бұл жоба архив ісі саласындағы мамандардың тәжірибе алмасуына, кәсіби байланыс орнатуына және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуына мүмкіндік беретін беделді халықаралық білім беру алаңына айналды.