19.11.2026

Президент Архивінің мамандары астаналық оқушыларға тәжірибелік сабақтар өткізді

Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушылары ҚР Президентінің Архивіне келіп, «АрхивSpace» жобасы аясында ұйымдастырылған модульдік сабақтарға қатысты.

19 оқушы үш топқа бөлініп, кезекпен тарихи құжаттарды зерттеу, қалпына келтіру және ғылыми мақсатта пайдалану тәсілдерін тәжірибе жүзінде меңгерді.

Бірінші топ Архивтің оқырман залында тарихи құжаттармен жұмыс істеудің негізгі қағидаларын үйренді. Мамандар архивтік деректерді зерттеу кезінде назар аудару қажет белгілерді түсіндіріп, олардың мазмұнын зерделеу және талдау тәсілдерін көрсетті. Сабақ барысында оқушылар құжаттарды өз бетінше зерттеп, ондағы мәліметтерге талдау жасады.

Екінші топ Архивтің реставрация және консервация бөлімінің жұмысымен танысты. Оларға уақыт өте келе бүлінген, жыртылған, мыжылған және жазуы көмескіленген құжаттарды қалпына келтіру үдерісі көрсетілді. Сонымен қатар зең басқан көне құжаттарды залалсыздандыру және олардың сақталуын қамтамасыз ету әдістері түсіндірілді. Тәжірибелік бөлімде оқушылар мамандардың жетекшілігімен жыртылған құжаттарды қалпына келтіру бойынша шеберлік сабағына қатысып, реставрация жұмыстарын өз қолдарымен орындап көрді.

Үшінші топ оқу залында архив құжаттары мен қолжазбаларды ғылыми-зерттеу мақсатында пайдалану жолдарын үйренді. Архив қызметкерлері тарихи дереккөздермен жұмыс істеу, қажетті ақпаратты іздеу және зерттеу барысында қолданылатын әдістерді түсіндірді.

Модульдік сабақтар оқушыларға архив ісінің бірнеше бағытын бір күнде танып-біліп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік берді. 

Айта кетейік, жыл басынан бері «АрхивSpace» жобасы аясында Астанадағы Президент Архивіне 1300 оқушы келді. Бұл бастама өскелең ұрпақтың тарихи танымын кеңейтуге, архив құжаттарына деген қызығушылығын арттыруға және зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған.