28.10.2025
Президент Архивінің директоры жасанды интеллекттің рөліне арналған сессияны басқарды
Архив ісінің болашағы қандай болмақ? Қағаз құжаттар жойылып, адамдардың орнын нейрожелілер баса ма? Осы және өзге де сұрақтар «Архив ісіндегі жасанды интеллекттің рөлі» сессиясында талқыланды. Іс-шара Испанияның Барселона қаласында өтіп жатқан Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) «Knowing Pasts, Creating Futures» тақырыбындағы Конгресс аясында ұйымдастырылды.
Аталмыш сессияны Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві директоры Әлия Мұстафина жүргізді. Оған Қытай, АҚШ, Колумбия, Нигерия және Қазақстаннан келген жетекші сарапшылар қатысып, өз тәжірибелерін бөлісіп, зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Талқылау барысында қатысушылар жасанды интеллекттің архив ісіне және архивтік мұраны сақтауға әсері туралы пікір алмасты. Сондай-ақ ЖИ технологияларын құжат айналымы мен архив саласына енгізу кезінде туындайтын кәсіби және этикалық мәселелер де сөз болды. Онда ЖИ-нің архив мамандарының болмысына ықпалы, генеративті технологиялардың экологиялық салдары, дамушы елдердегі архившілердің цифрлық өзгерістерге дайындығы және машиналық оқытудың архивтік құжаттарды сақтау әлеуеті сияқты өзекті тақырыптар қамтылды.
Өз сөзінде Әлия Мұстафина Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын дамытуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Бұл технология мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың және тарихи мұраны ұзақ мерзімге сақтаудың маңызды тетігіне айналып келе жатқанын айтты.
«Архив саласы кәсіби тұрғыдан алғанда технологияны қазір қауіп деп емес, серіктес деп қабылдайтын уақытқа жетті. Біздің міндетіміз – жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолданып, тиімді жұмыс істеу. Ең бастысы, тарихи жады мен адами құндылықтарға құрметпен қарауды ұмытпауымыз керек. Біз ICA Конгресі сияқты халықаралық форумдарға қатысу арқылы әлемдік тәжірибені меңгеріп қана қоймай, өз ұстанымымызды білдіреміз әрі кәсіби байланыстарды нығайтамыз», – деді Әлия Мұстафина.
Сессия бір сағаттан астам уақытқа созылып, оған әлемнің түкпір-түкпірінен 200 астам маман қатысты. Қорытындысында қатысушылар жасанды интеллект адамды алмастырмайтынын, бірақ оның жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сарапшылар бұл бағытта асықпай, ойланып қадам жасау қажеттігін және технология мен адам тәжірибесінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін кәсіби стандарттар әзірлеудің маңызын айтты.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2023 жылдың ақпан айынан бастап Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) толыққанды мүшесі. Архив шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнатып, қазақстандық тәжірибені әлемдік қауымдастыққа таныстырып келеді.
Биыл жазда Президент Архивіне ICA президенті Жозе Кирпс ресми сапармен келіп, мекеменің қызметімен танысты. Сапар барысында ол жас мамандармен кездесіп, цифрлық трансформация дәуіріндегі архив ісінің даму бағыттарын талқылады. Сонымен қатар Қазақстанның архив қорларын цифрландыру және тарихи құжаттарға қоғамның қолжетімділігін арттыру жөніндегі бастамаларға ерекше назар аударды.