29.08.2024

Президент Архивіне болашақ архившілер келді

Конституция күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві бірнеше іс-шаралар легін ұйымдастырады. Еліміздің басты құжаты саналатын 1995 жылы 30 тамыз күні қабылданған қазіргі қолданыстағы Конституцияның түпнұсқасы ҚР Президенті Архивінде мемлекеттік сақтауда. Осы орайда бүгін Президент Архивінде балаларға Ата заңның мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуында алатын орыны мен жалпы мән-мағынасы жөнінде тереңірек түсіндіретін «Болашақ архивші» іс-шарасы өтті. Алматы қаласы мектеп оқушыларының қатысқан «Болашақ архивші» іс-шарасында Конституция тарихын баяндайтын тарихи-құжаттық көрме ұсынылды. Балаларға құқықтары мен міндеттері жайында мәліметтер түсіндірілген тарих сабағы өтті.

Сонымен қатар Архивтік құжаттарды сақтауды қамтамасыз ету, есепке алу және цифрлау қызметінің архившісі Ж.Е. Жанғалиева архив құжаттарына реставрация қалай жасалатынын тәжірибе жүзінде көрсетті. Ол балаларға уақыт өте келе бастапқы сипатын жоғалтқан құжаттарды қалпына келтіру тәсілдері түсіндірді. Сондай-ақ балаларды сергіту мақсатында арт-терапия және патриоттық флэшмоб ұйымдастырылды. Шара соңында оқушыларға белсенді қатысқаны үшін сертификат табысталды. Айта кету керек, жастарға патриоттық тәрбие беруге, елінің тарихын архив құжаттары негізінде тереңірек оқып-білуге бағытталған «Болашақ архивші» жобасын ҚР Президенті Архиві 2022 жылы елімізде жарияланған Балалар жылы аясында ұйымдастырған болатын. Оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп әрі білімін арттыратын жоба жалғасын тауып биыл үшінші рет өтті.