22.05.2025

Президент Архивінде құжаттарды қалпына келтіру бойынша шеберлік сабағы өтті

2025 жылғы 20 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде құжаттарды техникалық зерттеу және қалпына келтіру бойынша кәсіби шеберлік сабағы өтті. Оны Мәскеуден арнайы шақыртылған маман – академик И.Э. Грабарь атындағы Бүкілресейлік көркем ғылыми-реставрация орталығының сарапшысы Алексей Кащеев өткізді. Ол Астана қаласына ІІІ Қазақстан музей конгресіне қатысу үшін арнайы келген.

Архивтерге көбіне физикалық тұрғыдан нашар күйде сақталған құжаттар түседі. Дұрыс сақталмағандықтан қағаз жыртылып, көгеріп, шаң мен басқа да ластануларға ұшырайды. Бұл салада мамандардың зақымданған құжаттармен жұмыс істеуге арналған арнайы әдістері бар. Алексей Кащеев осы әдістерді бөлісіп, қалпына келтіру және сақтау зертханасының мамандарына құжаттардың бүліну себептерін анықтау, биологиялық және химиялық сараптама жүргізу тәсілдері жөнінде айтып берді.

Шеберлік сабағы тек дәріспен шектелген жоқ. Практикалық бөлімде қатысушылар арнайы құрылғылармен жұмыс істеп, үлгілер дайындау, қалпына келтіру технологияларын рет-ретімен меңгерді. Зақымдалған құжаттардағы микроағзаларды тәжірибе арқылы анықтап, олардың қағазға тигізетін әсерін бағалады.

«Бұл кездесу реставрация алдындағы зерттеулер бойынша тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл – негізінен химиялық және биологиялық зерттеулер. Ол қандай құрал-жабдықтармен жүргізілетіні, материалдарды мұндай зерттеулерге қалай дайындау керектігі сияқты күрделі әрі жауапты істер бойынша тәжірибе бөлістім. Сонымен қатар кездесу барысында жаңа зертхананың құрал-жабдықтары мен оның мүмкіндіктері таныстырылған мазмұнды экскурсия өтті. Алдағы уақытта бұл байланыс жалғасын табады деп сенемін», – деді А. Кащеев.

Шеберлік сабағы соңында Президент Архивінің мамандары ресейлік әріптесіне өз жұмыс тәсілдері туралы айтып берді. Осылайша, тараптар өзара тәжірибе алмасып, болашақтағы ынтымақтастыққа уағдаласты.