31.03.2026
Архив ісін ұйымдастырудың құқықтық негіздері түсіндірілді
Құжатпен жұмыс – тек қағаздарды реттеу жұмысы емес, мемлекеттік жүйенің маңызды бөлігі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві ұйымдастырған семинарда айтылды. Шара барысында архив ісін ұйымдастырудың құқықтық негіздері түсіндіріліп, құжаттарды дұрыс рәсімдеу мәселелері айтылды.
Семинарға мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор және қоғамдық ұйымдардан 50-ден астам маман қатысты. Олардың қатарында Президент әкімшілігі, Конституциялық сот, Жоғарғы сот кеңесі, Ұлттық банк, Сыртқы істер министрлігі, Мемлекеттік қызмет агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Парламент Мәжілісі және зерттеу институттары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері болды.
Іс-шараны ашқан Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің басшысы Гүлнар Мұқажанова мамандарға құжат рәсімдеудегі заңдық негіздерді түсінудің маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, көптеген жас маман кейде талаптарды ескі қалып бойынша орындайды, бірақ олардың заңдық негізін білмейді.
«Бүгінгі таңда маңыздысы – тек талаптарды орындау ғана емес, олардың қайда бекітілгенін түсіну. Құжат толтыруда қандай ережелерге бағыну керек? Қашан мөр міндетті түрде қойылуы қажет? Осы сұрақтарға жауап нормативтік актілерде көрсетілген және әр маман солармен дұрыс жұмыс істей білуі тиіс», – деді ол.
Семинарда лектор ретінде Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының Жобаларды сараптау секторының меңгерушісі Ельмира Нуркишева және аға сарапшы Гүлнұр Какабаева сөз сөйледі.
Ельмира Нуркишева архив ісін реттейтін заңнамалық жүйені толық таныстырып, қандай құжаттар Ұлттық архив қорына кіреді, олармен қалай жұмыс істеу керектігі және ұйымдардың қандай міндеттерін орындау керектігін түсіндірді. Ал Гүлнұр Какабаева электрондық құжаттар мен «цифрлық архивтің» жұмыс жолын, құжаттардың жасалуы мен сақталуын немесе тізімнен шығуын көрсетті.
Семинар барысында қатысушылар білімдерін жаңартып қана қоймай, жиі кездесетін қателіктерді талқылап, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Айта кетейік, бұл жыл басынан өткізілген екінші семинар. 2025 жылы Архив 12 оқыту шарасын ұйымдастырып, 560-тан астам маманды қамтыған.