23.10.2025

Президент Архиві Республика күніне арналған тарихи көрмені таныстырды

2025 жылғы 23 қазанда Алматы қаласында Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президенті Архиві ұйымдастырған «Егемендікке жол ашқан тарихи құжат» атты көрмесі таныстырылды. Көрме қалалық Достық үйінде өткен «Қыран елім – Қазақстаным» ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында қойылды.

Тарихи көрмеде Қазақстанның тәуелсіздікке бет алған күрделі де қасиетті жолын айқындайтын аса құнды мұрағаттық құжаттар топтастырылған. Экспозицияның өзегін 1990 жылғы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация», 1991 жылғы «Тәуелсіздік туралы заң» және Алматы декларациясы сынды егемендіктің бастауы болған актілер құрайды.

Көрме төрінен сонымен қатар ел рәміздерінің алғашқы жобалары мен эталондары, «Семей ядролық полигонын жабу туралы», «Наурыз мерекесін қайта жаңғырту туралы» тарихи жарлықтар, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болып қабылдануы, Қарулы Күштердің құрылуы, ұлттық валютаның енгізілуі және 1995 жылғы Конституцияның қабылдануы сынды тәуелсіз мемлекеттіліктің іргетасын қалаған сәттерге куә құжаттар орын алды.

Конференция жұмысына Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылым депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар ҚР Президенті Архивінің қызметкерлері Алматы қаласының Мәдениет басқармасы мен Алматы қалалық мемлекеттік архиві ұйымдастырған «Республика күні: мәдениет ошақтарындағы жаңғыру үндестігі» атты дөңгелек үстелге қатысты. Мұнда Президент Архиві дайындаған кезекті экспозиция ұсынылды. Ол Республика күнінің қалыптасу тарихы мен елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне арналды.