30.09.2025

Президент Архивінде оқушыларға арналған «АрхивSPACE» жобасы басталды

ҚР Президентінің Архивінде «АрхивSPACE» атты жаңа танымдық жоба басталды. Жобаның алғашқы қатысушылары Астана қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейдің 7-сынып оқушылары болды.

Оқушылар Архивтің экспозициялық және оқу залдарына экскурсия жасап, Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған көрмемен танысты. Олар ел тәуелсіздігінің маңызды кезеңдерін көрсететін құжаттарға ерекше қызығушылық танытты, сондай-ақ Президент Архивінің виртуалды зертханасының интерактивті мүмкіндіктерімен танысты.

«Экскурсия барысында көптеген қызықты деректер білдім. Әсіресе, құнды құжаттардың қайта қалпына келтірілу үдерісін көру ерекше әсер қалдырды. Мұндай тәжірибе бізге архивтің болашақ ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін түсінуге көмектеседі. Осындай танымдық экскурсия жасаған Президент Архивіне зор ризашылығымды білдіремін», – деді Талғат Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейдің 7 «Б» сынып оқушысы Даниал Ханафин.

«АрхивSPACE» жобасы 5–9 сынып оқушыларына арналған. Оның негізгі мақсаты – архив ісін насихаттау және жас ұрпақтың құжаттық мұраға ұқыпты көзқарасын қалыптастыру.

Ол екі бағытта жүзеге асады: тұрақты және уақытша көрмелер бойынша апталық экскурсиялар, сондай-ақ 2026 жылдан бастап архив жұмысының негізгі бағыттары бойынша модульдік сабақтар өткізу.

ҚР Президентінің Архиві жастар мен зерттеушілерді архив саласына кеңінен тартуға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағытта «архивтік сананы» қалыптастыру, жас буынның зерттеушілік қабілеттерін дамыту басты міндеттердің қатарында. Кең аудитория үшін Архив мамандары тарихи-құжаттық көрмелерді тұрақты түрде ұйымдастырады, соның ішінде онлайн форматтағы іс-шаралар да өткізіледі. 2025 жылдың басынан бері мұнда 63 экскурсия өтіп, оған шамамен 1200 адам қатысты.