09.09.2025
Президент Архивінде Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланды
Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы талқыланды. Жиында басты назар цифрландыру, су ресурстары және саяси реформалар тақырыптарына аударылды.
Талқылау Жолдау цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу мәселесінен басталды. Архив қызметкерлері бұл бастамалардың болашақ даму үшін шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы бұған дейін Бурабайда өткен Құрылтайда Ұлттық цифрлық архивтің құрылуы туралы айтқан болатын. Ендігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы бұл тапсырманың одан әрі дамуына ықпал етпек.
«Барлық мақсат-міндеттердің сәтті жүзеге асуы Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді. Жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу архивтердің қоғамдағы маңызын арттырып, оларды өткен мен болашақты байланыстыратын көпірге айналдырады», -деді Архив директоры Әлия Мұстафина.
Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің басшысы Құралай Қабарова архив саласы үшін цифрлық трансформация уақыт талабы екенін жеткізді.
«Қазір ақпарат көлемі қарқынды өсіп келеді. Құжат форматтары да сан түрлі. Мұның бәрін ұзақ сақтап, ыңғайлы қолдану үшін жаңа тәсілдер керек. Жасанды интеллект пен заманауи цифрлық шешімдер деректерді сақтау, іздеу, талдау жұмыстарын жаңа деңгейге шығарады. Бұл бір жағынан үлкен жауапкершілік, екінші жағынан архив саласын жаңа сапаға көтеруге мүмкіндік», - деді ол.
Ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Нұрбек Шаяхмет Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі су ресурстарына тоқталды.
«Су үнемдеу және оны тиімді пайдалану бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Су мәдениетін білім беру жүйесінен бастап, ауыл шаруашылығы мен өндірістік салаға дейін кеңінен енгізу қажет. Бұл тек шығындарды азайтып қана қоймай, келешек ұрпақ үшін ресурсты сақтауға көмектеседі», - деді ол.
Сонымен қатар ол суды үнемдейтін құрылғыларды орнатуға арналған конкурстар мен акциялар ұйымдастыру, осындай технологияларды енгізетін кәсіпорындар мен отбасыларға гранттар мен субсидиялар беру, сондай-ақ «жасыл» технологияны қолдау маңызды екенін атап өтті.
Саяси реформалар да талқылауда маңызды орын алды. Ғылыми зерттеулер орталығының Перспективалық зерттеулер секторының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Шолпан Тлепина Президент ұсынған бір палаталы Парламент құру бастамасына тоқталды.
«Бір палаталы Парламент туралы бастама – еліміздің саяси жүйесін дамыту жолындағы жаңа бетбұрыс. Унитарлы мемлекеттер үшін бұл құрылым кең таралған және заң шығару процесін ашық әрі тиімді етуге мүмкіндік береді. Ең бастысы мұндай маңызды өзгерістер халықтық референдум арқылы қабылданбақ. Бұл ашық диалог пен «естуші мемлекет» ұстанымының нақты көрінісі», - деді ол.
Архив қызметкерлері Жолдаудың ел дамуына кешенді көзқарас ұсынып отырғанын атап өтті. Ұлттық қауіпсіздіктен бастап, заманауи технологиялар мен саяси реформаларға дейін қамтылған. Архив үшін ең өзекті бағыт цифрландыру мен жасанды интеллектті енгізу.
Бүгінде Архивте 230 мың іс (шамамен 30 миллион парақ) цифрлық форматқа көшірілді. Алдағы жылдары осы көрсеткішті 100% қамту жоспарланып отыр. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасып, архив мұрасын цифрлық дәуірге сай қолжетімді етуге жол ашады.