25.08.2025

Президент Архивінде Конституцияның 30 жылдығына орай дөңгелек үстел мен көрме ұйымдастырылды

Биыл 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толады, бұл мереке елімізде кеңінен аталып өтпек. Осыған орай «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді. Мерекелік бастамаға Президент Архиві де өз үлесін қосып отыр.

2025 жылғы 25 тамызда Астанада «Конституция – демократияның маңызды институты» атты тарихи-құжаттық көрменің тұсаукесері мен дөңгелек үстел отырысы өтті. Шара барысында Архив қызметкерлері, судьялар және құқық саласының ғалымдары Конституцияның қоғам дамуындағы рөлін архивтік деректер негізінде талқылады.

Шараның шымылдығын ашқан ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина Конституциялық құқық пен архив саласының өзара сабақтастығына назар аударды. Оның айтуынша, архивте сақталған құжаттар тарихи жадымызды түгендеп, әділдікті қалпына келтіруге жол ашатын құнды деректер. Бұл мәселенің дәл Ата Заңның 30 жылдығы қарсаңында көтеріліп отырғаны – ерекше маңызды.

«Конституция – ел тәуелсіздігін бекемдеген, мемлекеттігімізді айқындаған тарихи құжат. Ата Заңымыздың Президент Архивінде сақталуы біз үшін үлкен мәртебе. Архив қызметкерлерінің басты міндеті оны сақтап қана қоймай, терең зерттеп, мазмұнын халыққа кеңінен таныту. Бүгінгі басқосуда біз тек тарихқа көз жүгіртіп қоймай, Заңдағы өзгерістер мен Архивтің демократиялық қоғам қалыптастырудағы рөліне де тоқталып отырмыз», – деді Әлия Мұстафина.

Дөңгелек үстелде алғашқы болып сөз алған Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Конституцияда бекітілген құндылықтар жүйесі елдің заңнамалық тұрақтылығы мен орнықты дамуының берік іргетасы екенін атап өтті.

Конституциялық Соттың судьялары Сергей Ударцев пен Еркін Оңғарбаев өз баяндамаларында Ата Заңымыздың ғылыми негізі мен сот тәжірибесіндегі ерекшеліктеріне тоқталды. Әсіресе, ҚР Конституциялық Соты туралы тұңғыш монография жайлы айтылған пікірлер тыңдаушылардың қызығушылығын тудырды.

Іс-шара аясында Пантеон-Сорбонна университетінің (Париж) және Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна–Қазақстан институтының профессоры Патрик Доля онлайн байланыс арқылы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстан мен Франция Конституцияларының ұқсастығына тоқталып, екі елдің де демократия мен заң үстемдігін нығайтуға ұмтылатынын атап өтті.

«Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап Франциямен тығыз байланыс орнатып келеді. Осы қарым-қатынастың аясында біздің ұлттық архивтер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мен Қазақстанның Халықаралық архивтер кеңесіне мүшелігі демократиялық даму, ғылыми зерттеу және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыру жолындағы маңызды қадам», – деді Патрик Доля.

Тарихи-құжаттық көрме – іс-шараның маңызды бөлігінің бірі болды. Экспозицияда Конституцияның дайындалуына қатысты бірегей архивтік құжаттар көпшілікке таныстырылды. Олардың қатарында жобалар, сараптамалық қорытындылар, талдамалық жазбалар мен азаматтар мен ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар бар.

Айта кетейік, дөңгелек үстелде айтылған баяндамалар мен пікірлер ҚР Президенті Архивінің ғылыми-әдістемелік «Жаңа архив» журналында жарияланады.

Сондай-ақ бұған дейін ҚР Конституциялық Соты ұйымдастырған «Балалар шығармашылығындағы Конституция» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарына Архивте экскурсия өткізілген болатын. Жас суретшілерге Ата Заң тарихы таныстырылып, көрме көрсетілді. 

Анықтама үшін: ҚР Президентінің Архиві – ХХ ғасыр мен Тәуелсіздік кезеңіндегі әлеуметтік-саяси тарихты сақтаушы ең ірі мекеме. Мұнда 1,5 миллионнан астам іс сақталған. Олардың қатарында 1995 жылғы Конституцияның түпнұсқасы, тәуелсіздік кезеңіндегі заңнамалық актілер, Президенттің Жарлықтары мен Өкімдері, елдің мемлекеттік құрылымы, қорғаныс, экономика, әлеуметтік сала, мәдениет, білім беру мен денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты маңызды құжаттар бар. Сондай-ақ азаматтар мен еңбек ұжымдарының Президентке жолдаған хаттарын да көруге болады.