30.04.2026

Президент Архивінде фотоқұжаттарды сараптауға арналған семинар өтті

Цифрлық дәуірде фотоқұжаттардың саны артып, оларды іріктеу мен дұрыс сақтау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Осыған орай ҚР Президентінің Архивінде «Ұйымның ведомстволық архивінде фотоқұжаттар құндылығына сараптама жүргізу» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараға түрлі мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қырыққа жуық маман қатысты. Дәрісті Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің сарапшысы Ләйлә Жаналинова жүргізді. Ол фотоқұжаттарды сараптау кезінде олардың мазмұнына, сапасына, түсірілім ерекшеліктеріне мән беру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар спикер оларды жүйелеу, аннотация жасау және дұрыс ресімдеу тәртібін түсіндірді.

«Фотоматериалға сараптама жасағанда ең алдымен дублеттік фотоқұжаттың біреуін ғана қалдырасыз. Нұсқалардың ішінен таңдау жасағанда суреттің сапасын, жарықтың түсуін, анықтығын, ракурсын ескеру қажет», – деді сарапшы.

Бұл – ҚР Президенті Архиві биыл өткізген үшінші семинар. Архивтің жинақтау көзі болып табылатын мекемелерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында жыл соңына дейін тағы алты дәріс өткізу жоспарланған.