05.12.2025
Президент Архивінде «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының делегациясымен кездесу өтті
2025 жылғы 4 желтоқсанда Президент Архивіне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері келді. Мақсаты – архив жұмысын ұйымдастырудың тиімді тәсілдерімен танысып, құжаттарды цифрландыру бағытында тәжірибе алмасу.
Делегация мүшелері Архивтің оқырман және көрме залын, құжат сақтау қоймаларын, лабораториялық корпусты аралап, мекеменің негізгі жұмыс бағыттарымен жан-жақты танысты.
Кездесу барысында Архив директоры Әлия Мұстафина мекеменің қызметі, құжаттарды сақтау тәртібі және зерттеушілерге қолжетімділік жөнінде баяндап берді.
«Біздің қорда 1918 жылдан бастап Қазақстан тарихының әлеуметтік-саяси құжаттары сақталады. Кеңес кезеңінің материалдары Алматыда, ал тәуелсіздік жылдарындағы құжаттар Астанада жинақталады. Бірақ зерттеушілер үшін құжаттың қай қалада тұрғаны маңызды емес. Себебі екі қаланың да құжаттары бірдей қолжетімді», – деді директор.
Қонақтар құжаттарды цифрлау және сканерлеу алгоритмдері, сақталу мерзімі өткен материалдарды жою тәртібі, ғылыми-техникалық өңдеуді автоматтандыру, сондай-ақ бірыңғай архив деректер базасын құру жөнінде мағлұмат білді. Кездесу барысында делегация өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, архив мамандарынан толыққанды жауаптар алды.
Қонақтар экскурсия үшін алғыс білдіріп, оның «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы үшін архивтік құжаттармен жұмысты жүйелуге арналған маңызды қадам болғанын атап өтті.