17.09.2026

Президент Архивінде аудиовизуалды құжаттармен жұмыс істеу жөнінде семинар өтті

Фотосуреттер, аудиожазбалар, кино- және видеоматериалдар мәтін түрінде толық жеткізу мүмкін емес дүниелерді – адамдар мен қалалардың келбетін, оқиғаға қатысушылардың үнін, сол кезеңнің тынысын сақтайды. Бұл тарихи айғақтар келер ұрпаққа да қолжетімді болуы үшін оларды есепке алу, сипаттау және сақтау тәртібіне ерекше талаптар қойылады. 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің Алматыдағы филиалында өткен оқыту семинары осы тақырыпқа арналды.

Семинарға Архивті толықтыру көздері болып табылатын ұйымдардың мамандары қатысты. Олардың қатарында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-ның, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Архивінің, «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі» РМК-ның, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері бар.

Архив қорларының сақталуын қамтамасыз ету бөлімінің аға сарапшысы Нұрзада Исаева дәріс оқыды. Ол фотосуреттермен, кино-, фоно- және видеоқұжаттармен, сондай-ақ бастапқыда цифрлық форматта жасалатын материалдармен жұмыс істеудің ерекшеліктері туралы айтып берді. Спикер тыңдаушылармен бірге аудиовизуалды құжаттың Архивке келіп түскен сәтінен бастап оны бастапқы есепке алу, құндылығына сараптама жүргізу, жүйелеу, сипаттау, сақтау және кейін пайдалану кезеңдеріне дейінгі бүкіл жолын талқылады.

«Аудиовизуалды құжаттар Қазақстан Республикасының тарихи, мәдени және құжаттық мұрасының маңызды бөлігі болып саналады. Олар өткеніміз туралы нақты мәліметтермен қатар, сол уақыттың бейнесі мен үнін де сақтауға мүмкіндік береді. Алайда мұндай құжаттарды сақтау арнайы әрі жүйелі тәсілді талап етеді. Маман құжаттарды дұрыс қабылдап, есепке алып, олардың ғылыми және практикалық құндылығына сараптама жүргізуі, мазмұнды әрі нақты сипаттамалар жасауы, қажетті сақтау жағдайларын қамтамасыз етуі, тасымалдаушылардың физикалық және техникалық жай-күйін бақылауы, сондай-ақ олардағы ақпаратты қайта жаңғырту мүмкіндігін сақтауы қажет», – деді Нұрзада Исаева.

Семинардың негізгі тақырыптарының бірі әртүрлі тасымалдағыштарды сақтау жағдайларына арналды. Фотопленка, магниттік жазбалар, оптикалық дискілер мен цифрлық файлдардың әрқайсысы температура мен ылғалдылықтың өзіндік режимін қажет етеді. Сонымен қатар олардың физикалық және техникалық жай-күйін тұрақты бақылап, ақпаратты қайта жаңғырту мүмкіндігін сақтау маңызды.

Теориялық бөлімнен кейін қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, аудиовизуалды құжаттармен жұмыс істеу кезінде жиі кездесетін қателерді талқылады. Сондай-ақ күнделікті қызмет барысында туындайтын нақты жағдайлар бойынша пікір алмасты. Кездесу соңында қатысушылар Архивке экскурсия жасады. Олар архившілердің жұмысымен танысып, зертхананы аралап, мамандардың құжаттарды одан әрі сақтауға қалай дайындайтынын өз көздермен көріп қайтты.