15.10.2026
Президент Архиві Олжас Сүлейменовтің Дінмұхамед Қонаевқа жазған хаты туралы ақпаратты жариялады
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің қорында Олжас Сүлейменовтің 1985 жылғы 5 маусымда Дінмұхамед Қонаевқа жазған хаты сақталған. Онда ақын қазақтың музыкалық мұрасын сақтау, айтыс өнерін дамыту және халықтық дәстүрлерді қолдау мәселелерін көтерген. Бұл туралы «Бір құжат – бір тарих» айдары аясында ғылыми жарияланымдар секторының меңгерушісі Елена Сыздықова айтып берді.
Хатты жазған кезеңде Олжас Сүлейменов Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарып, еліміздің әр өңіріне жиі барған. Ол хатында айтыс өнеріне деген қызығушылықтың қайта жанданып, ақындар сайысына көрермен көптеп жинала бастағанын атап өткен. Оның мәліметінше, сол кезеңде республикада 700-ден астам суырыпсалма ақын болған. Осы өнерді қолдап, одан әрі дамыту мақсатында Олжас Сүлейменов Жазушылар одағы жанынан Ақындар қоғамын құруды ұсынды.
Хатта көтерілген тағы бір маңызды мәселе – халық әншілері мен күйшілерінің бірегей дыбыс жазбаларын сақтау. Олжас Сүлейменов құнды жазбалардың әртүрлі мекемелерде сақталғанына және олардың бәрінде бірдей тиісті жағдай жасалмағанына назар аударды. Уақыт өте магниттік таспалар бүлініп, радиохабарлар дайындау кезінде кейде жазбалардың көшірмесі емес, түпнұсқасы пайдаланылған.
Олжас Сүлейменов хатында әр жерде сақталған дыбыс жазбаларын бір қорға жинақтап, олардың сақталуын қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда қалпына келтіру қажеттігін атап өткен. Сондай-ақ Қазақстанның әр өңіріне тән халықтық музыкалық дәстүрлерді қамтитын жазбаларды жүйелі түрде жинау, ғылыми тұрғыдан зерттеу, ретке келтіру және көпшілікке ұсыну мәселесін көтерді. Осы мақсатта ақын дыбыс жазбаларының арнайы қоры, ғылыми қызметкерлері, заманауи техникалық жабдықтары, музыкалық шығармаларды нотаға түсіру және жариялау бөлімдері бар бірыңғай ғылыми-әдістемелік орталық құруды ұсынған.