21.01.2026

Президент Архиві оқушыларға арналған АрхивSPACE жобасының жаңа маусымын ашты

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде оқушыларға арналған АрхивSPACE білім беру жобасының жаңа маусымы басталды. Биылғы алғашқы қонақтар - Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясының оқушылары. Олар архив жұмысымен танысып қана қоймай, өздерін жас зерттеуші ретінде сынап көрді.

Биылғы АрхивSPACE бағдарламасының форматы өткен жылғыдан өзгеше. Енді балалар тек экскурсиямен шектелмей, сонымен қатар Президент Архивінің жетекші мамандарының модульдік сабақтарына қатысады. Бүгін, 21 қаңтарда 6-сынып оқушылары үш топқа бөлініп, архив жұмысының негізгі бағыттары бойынша танымдық саяхатқа аттанды.

Бірінші топқа Цифрлық технологиялар және инновациялар қызметінің жетекші сарапшысы Әбілқайыр Болатбаев жетекшілік етті. Ол балаларға архив деген тек қағаз емес, заманауи цифрлық технологиямен де жұмыс істейтін мекеме екенін көрсетті.

«Балалар үшін архив тек қағаз деп елестейді. Ал бүгін біз цифрлық технология арқылы архивтегі ақпаратты қалай жылдам әрі тиімді пайдалануға болатынын түсіндірдік. Жасанды интеллекттің көмегімен көп ақпаратты қысқаша әрі нақты түрде алуға болатынын да көрсеттік», - деді ол.

Екінші топты Сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу қызметінің архившісі Айтолқын Аскербек қабылдап, қағаздарды қалпына келтіру процесін көрсетті. Балалар құжаттардың бүлінген бөліктерін қалпына келтіру, жапон қағаздарын пайдалану, желімдеу әдістері, вакуум арқылы жабысқан құжаттарды ажырату тәртібін бақылай алды.

Үшінші топты Архив ақпаратын ұсыну қызметінің аға сарапшысы Ақжан Исаева қабылдады. Оқырман залында ол Архивтің құрылу тарихы, бүгінгі қызметі және зерттеуші ретінде жұмыс істеу тәртібі туралы айтып берді.

Сабақ соңында оқушыларға алған білімдерін ойын форматында бекіту үшін шағын квиз ұсынылды. Нәтижесінде барлық бала АрхивSPACE жобасына қатысқаны туралы сертификаттарға ие болды.

«Бүгін біз өз сыныптас достарымызбен Президент Архивіне келдік. Архивтің тарихи маңызы бізге айқын болды. Мұнда ата-бабаларымыздың өмірі мен тарихи оқиғалары қалай өткенін көрдік. Президент Архиві бізге ерекше әсер қалдырды», - деді 6-сынып оқушысы Жанель Дүйсен.

Айта кетейік, АрхивSPACE жобасына өткен жылы 13 мектептен 322 оқушы қатысып, архив қызметімен танысқан еді. Балаларға Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына, Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығына және өзге де маңызды тарихи даталарға арналған тарихи-құжаттық көрмелер таныстырылды.