01.04.2025

Президент Архиві мен Ғылым ордасы меморандумға қол қойды

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина және «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Ұлар Мұқажанов ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау саласында әріптестікті дамытуға бағытталған.

Ынтымақтастық аясында екі тарап бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, архивтік материалдармен, жарияланымдармен және әдістемелік әзірлемелермен алмасуды, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын, баяндамаларды және көрмелерді ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Меморандумның басты бағыттарының бірі – архивтік құжаттарды реставрациялау және консервациялау әдістерін оқыту. Шілде айында «Ғылым ордасы» базасында арнайы семинар өткізіліп, сарапшылар тарихи құжаттарды қалпына келтіру бойынша үздік әдістерді бөліседі.

Қазақстан Республикасының Президенті Архиві мен «Ғылым ордасы» бұл ынтымақтастықтың еліміздің бай тарихи мұрасын сақтауда маңызды қадам болатынына сенімді.