20.08.2025
Президент Архиві мен Иранның Ұлттық кітапханасы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
2025 жылғы 20 тамызда Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Архивіне жұмыс сапарымен Иран Ислам Республикасы Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Реза Шахраби келді. Архив директоры Әлия Мұстафинамен өткен кездесуде тараптар жас мамандардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және ғылыми серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Архив жұмысымен танысқаннан кейін ирандық делегация архившілерге арналған білім беру жобаларын таныстырып, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесін көтерді. Тараптар тарихи құжаттар алмасу тақырыбына да ерекше назар аударды. Иран тарапы Қазақстанға қатысты материалдарды беруге дайын екенін жеткізіп, өз кезегінде Иран тарихына қамтитын құжаттарды алу ниетін білдірді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві - әлемдік архив саласындағы белсенді ұйымдардың бірі. Мекеме халықаралық конгрестер мен семинарларға тұрақты түрде қатысып, өзінің алаңында жас архившілердің біліктілігін арттыруға, кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталған түрлі іс-шараларды өткізіп келеді.