10.11.2026
Президент Архиві Люблянада цифрлық экожүйе құру тәжірибесімен бөлісті
ҚР Президентінің Архиві Словенияның Любляна қаласында өткен «Халықаралық архив күндері» атты 36-халықаралық конференцияда цифрлық экожүйе құру және жасанды интеллект технологияларын енгізу тәжірибесін таныстырды. Архив директоры Әлия Мұстафина шетелдік әріптестерге мекемеде әзірленген технологиялық шешімдер, оларды іс жүзінде қолдану нәтижелері туралы баяндады.
Әлия Мұстафина архив қоймаларын басқаруға, құжаттардағы мәтінді тануға, сараптамалық-әдістемелік жұмыстарды жүргізуге және келушілерге ақпарат беруге арналған төрт интеллектуалды құралды әзірлеу және қолдану тәжірибесімен бөлісті.
«Жасанды интеллект құжаттарды өңдеу мен талдауды айтарлықтай жеделдете алады. Алайда алгоритмдер бастапқы деректердегі қателерді қайталауы немесе құжат мазмұнын тарихи және құқықтық контексті ескермей, қате түсіндіруі мүмкін. Сондықтан біз әзірлеген жүйелерде нәтижелерді бастапқы құжаттармен салыстырып тексеру және жүйе қорытындыларын кәсіби тұрғыдан бағалау мүмкіндігін қарастырамыз. Кез келген алынған нәтижені түпнұсқа дереккөзбен салыстыруға болатыны аса маңызды. Ал түпкілікті сараптамалық шешім қабылдау және оның жауапкершілігі архивші маманның құзырында қалады», – деп атап өтті.
Конференция барысында қатысушылар жасанды интеллектінің архив жұмысына ықпалын, мамандардың кәсіби құзыреттеріне қойылатын жаңа талаптарды, электрондық құжаттардың түпнұсқалығын қамтамасыз ету және цифрлық мұраны ұзақ мерзімге сақтау мәселелерін талқылады.
Триест және Марибор халықаралық архивтану институты (IIAS) ұйымдастырған конференцияға Германия, Польша, Румыния, Словения, АҚШ және басқа да елдердің архив мекемелерінің басшылары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және шетелдік әріптестермен кәсіби байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөледі. Осы бағытта Архив халықаралық конференциялар мен кәсіби кездесулерге қатысып, цифрлық трансформация, жасанды интеллект технологияларын қолдану және архив құжаттарын сақтау салаларында тәжірибе алмасып тұрады. Мұндай ынтымақтастық озық халықаралық тәжірибені зерделеуге, өз әзірлемелерін шетелдік әріптестерге таныстыруға және архив ісін дамытудың ортақ мәселелерін бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді.
Айта кетсек, 6-8 қараша аралығында Ыстамбұлда өткен «Архивтанудағы жаңа тәсілдер және тұрақты даму» халықаралық симпозиумда Әлия Мұстафина жасанды интеллект негізінде әзірленген жобалар мен олардың архив құжаттарын өңдеу, ақпарат іздеу және мамандардың жұмысын оңтайландырудағы мүмкіндіктері туралы баяндаған болатын.