11.07.2025
Президент Архиві Ұлттық банк мамандарына оқыту семинарын өткізді
ҚР Президенті Архивінің бастамасымен 10 шілде күні Ұлттық банк пен оның құрылымдық бөлімшелері қызметкерлеріне арналған оқыту семинары өтті. «Құжаттардың құндылығын сараптау. Мемлекеттік ұйымдарда құжаттарды ведомстволық сақтауға тапсыру» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға Ұлттық банктің 95 қызметкері қатысты. Семинарға қатысушылардың бір бөлігі шараға тікелей келіп қатысса, қалғаны онлайн режимде қосылды.
Іс-шараны ашқан ҚР Президентінің Архиві директорының орынбасары Қ. Әлімғазинов ведомстволық архивтерді жүйелі ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, саланың өзекті мәселелеріне назар аударды.
Семинар барысында Архив қорларын ұйымдастыру және сараптау қызметінің аға сарапшылары Қ. Қабдолова, Қ. Мұрзабекова және А.Ермағамбетова құжаттар номенклатурасын жасау ережелері, құндылық сараптамасының критерийлері, құжаттарды сақтау мерзімі мен оларды ведомстволық архивке тапсыру тәртібі жөнінде кеңінен мәлімет берді.
«Бекітілген құжаттар номенклатурасы – құжат айналымын тиімді басқарудың басты құралы. Ол арқылы құжаттың қанша уақыт сақталатыны және қандай материалдар тұрақты сақтауға жататыны немесе жоюға ұсынылатыны нақты айқындалады», - деді Қ. Қабдолова.
Теориялық бөлім аяқталған соң қатысушылар практикалық жаттығуларға кірісті. Олар нақты құжаттар негізінде номенклатура жасап, сақтау мерзімін анықтап, сараптама жасады.
Семинар тек біліктілікті арттырумен шектеліп қоймай, тәжірибе алмасу алаңына да айналды. Қатысушылар мамандардан кәсіби кеңес алып, жұмыс барысында жиі кездесетін түйткілді сұрақтарға жауап алды.
Жиын соңында 46 маманға арнайы сертификат табысталды.
Айта кетейік, бұл Президент Архиві ұйымдастырған төртінші семинар. Мұндай іс-шаралар құжаттармен жүйелі әрі сапалы жұмыс жүргізуге жол ашады. Ұлттық банк қызметкерлері алған білімдерін алдағы уақытта жұмыс барысында пайдаланбақ.