21.11.2025

Президент Архиві дипломаттарға арналған оқыту семинарын өткізді

2025 жылғы 19-21 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу және оларды ведомстволық сақтауға тапсыру» тақырыбында семинар өткізді. Оған Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктерде қызмет ететін 130-дан астам маман қатысты. Оқыту офлайн форматта Сыртқы істер министрлігінде, ал шетелдегі қызметкерлер үшін онлайн Zoom платформасында ұйымдастырылды.

Семинар барысында Президент Архивінің сарапшылары Қарлығаш Мырзабекова мен Амангүл Ермағамбетова құжаттардың құндылығын анықтау әдістемесін, істер номенклатурасын дұрыс әзірлеу тәртібін, сондай-ақ ведомстволық сақтауға тапсырудың кезең-кезеңімен жүргізілу процесін түсіндірді.

Сыртқы істер министрлігінің Қамтамасыз ету және құжат айналымы департаментінің директоры Нұржан Мұхитдинов архив заңнамасын сақтау тек тәртіп мәселесі ғана емес, ел тарихы алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті. Ол: «Біз сыртқы саясаттағы әрбір қадамымыздың құжаттық дәлелі болуын, оның болашақ зерттеушілерге толық жетуін қамтамасыз етуіміз керек», – деді.

Іс-шара соңында қатысушылар құжаттардың құндылығын сараптау бойынша практикалық тапсырманы орындады, онда нақты мысалдар арқылы құжаттарды сараптау және сақтау мерзімдерін анықтау дағдыларын жетілдірді.

Айта кетейік, бұл Президент Архиві осы жылы ұйымдастырған он бірінші семинар, оларға 500-ден астам маман қатысқан. Архив алдағы уақытта да оқыту іс-шараларын жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.