03.11.2025

Президент Архивінің делегациясы Францияға жұмыс сапарымен барды

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Әлия Мұстафина бастаған делегация Францияға арнайы жұмыс сапарымен барды. Іссапар барысында Францияның Ұлттық архивтерінің директоры Мари-Франсуаза Лимон-Боннемен кездесу өтті. Тараптар архив саласындағы екіжақты әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу Қазақстан Республикасының Президенті Архиві мен Франция Республикасының Ұлттық архивтері арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум аясында өтті. Бұл құжатқа 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары кезінде қол қойылған болатын.

Аталмыш басқосуда екі ел архивтері арасындағы кәсіби байланыстарды дамыту, цифрландыру және құжаттық мұраны сақтау бағыттарында тәжірибе алмасу мәселелеріне баса назар аударылды.

«Француз әріптестерімен бірлескен жұмыс архив саласында жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін. Біз халықаралық деңгейде тарихи жадыны сақтау, үздік тәжірибелерді енгізу және мәдени-ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделіміз. Сонымен қатар қазақстандық мамандар үшін тағылымдамалар ұйымдастыру, бірлескен көрмелер өткізу де жоспарға енгізілді», – деді Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина.

Сапар аясында қазақстандық делегация түркі әлемінің көрнекті тұлғасы Мұстафа Шоқайдың эмиграцияда өмір сүрген Ножан-Сюр-Марн қаласындағы үйіне және «Шоқай бағына» барып, қайраткер рухына тағзым етті.

Сонымен бірге, делегация алдағы күндері Франция Еуропа және сыртқы істер министрлігіне қарасты архив басшылығымен де кездесу өткізіп, ынтымақтастық бағыттарын талқылауды жоспарлап отыр. Казахстандық тарап Франция архив өкілдерін 2026 жылы Астанада өтетін Халықаралық архившілер конгресіне қатысуға шақырды.