30.10.2025
Барселонадағы конгресте Президент Архиві жобаларын таныстырды
Барселонада өтіп жатқан Халықаралық архивтер кеңесінің ICA Barcelona 2025 Конгресі аясында Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві өз қызметі мен архив саласындағы даму бағыттарын таныстырды.
Постерлік сессияда ондаған елдің ұлттық архивтері өз бастамаларын ұсынды. Солардың қатарында Қазақстан делегациясы да Президент Архивінің заманауи жобаларын көрсетті. Күні бойы стендке 200-ден астам шетелдік қатысушы қызығушылық танытты.
Постерлік сессия – Конгресс аумағында арнайы ұйымдастырылған цифрлық көрме алаңы. Мұнда интерактивті экрандар арқылы қатысушылар түрлі архивтердің материалдарымен танысып, олардың өкілдерімен пікір алмаса алады. Биыл жалпы саны 60-тан астам постер ұсынылды.
Сессия барысында шетелдік мамандар Қазақстанның бай мәдени және тарихи мұрасымен, сондай-ақ Президент Архивінің негізгі бағыттарымен танысты. Олардың қатарында елдің қоғамдық-саяси тарихын зерттеу, цифрлық сервистерді дамыту және ғылыми-зерттеу бастамалары бар.
Шетелдік әріптестердің ерекше назарын 2035 жылға дейінгі Президент Архивін дамыту тұжырымдамасы аясында іске асып жатқан стратегиялық жобалар аударды. Бұл бастамалар цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және архив материалдарының қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Қатысушылар Қазақстан Президенті Архивінің даму бағытын жоғары бағалап, жаңа форматтағы кәсіби ынтымақтастыққа арналған бастамаларын атап өтті. Солардың ішінде хакатондар мен архивтік көрмелерді ұйымдастыру жобалары ерекше қызығушылық тудырды.
Сонымен қатар 2022 жылдан бастап БҰҰ, ЮНЕСКО және Халықаралық архивтер кеңесінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Қазақстан архившілерінің конгресі» бастамасы да көпшіліктің назарын аударды. Бұл платформа бүгінде әр буын мамандарын біріктіріп, тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналды.
Айта кетейік, келесі ІІІ Қазақстан архившілерінің конгресі 2026 жылы Астанада өтеді деп жоспарлануда. Ол цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын архив ісіне енгізу тақырыбына арналмақ.
29 қазанда Барселонада өткен ICA Barcelona 2025 Конгресі аясындағы Халықаралық архивтер кеңесінің (ICA) Бас ассамблеясында Кеңес Президенті Жозе Кирпс Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің стратегиялық маңызын атап өтті.